Автобус жүргізушісі мүгедекті мінгізбей қойған

Қоғамдық көлік жүргізушісі мүгедек арбасына таңылған азаматқа асығып бара жатқанын айтып, пандус түсіруден бас тартқан.Қостанайлық мүмкіндігі шектеулі азамат Никита Журавлев болған жағдайды Facebook-тегі парақшасында жазған. Ол «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорны маңындағы аялдамадан №24 маршруттық автобусқа мінгісі келіпті. Никита көлік есігінен пандусты түсіруге өтініш жасағанда жүргізуші уақыты жоқ екенін айтқан. Қырсыққанда, дәл сол күні кешке осы келеңсіздік тағы да қайталанады. Ол қала орталығынан үйіне қайтпақ болған. Кезекті рет сол №24 автобус жүргізушісі оны мінгізуден бас тартыпты. Бұл жолы Никитаға анасы жәрдемдесіпті.
«Баратын жеріме басқа автобуспен жеттім. Кешкі сағат 9 кезінде үйіме қайтпақ болып, орталықтағы «Қазақтелеком» аялдамасына келіп, бір сағаттай тұрып қалдым. Анам Елена Гриб маған алаңдап хабарласып, орталыққа келді. Аялдамада 10-15 минуттай тұрдық. Қас қылғанда күндіз мені мінгізбеген автобус келіп тоқтады. Тағы да сол жағдай қайталанды», – дейді Никита.
Олар бесінші рет өтініш жасағаннан кейін ғана жүргізуші пандусты төмен түсіріп, автобустағы ер адамдар көмеккен келген. Жігіттің анасы жүргізушіден күндіз неліктен баласын алмай кеткенін сұрағанда ол уақыты жоқ екенін, қозғалыстың аралық уақытын өткізіп алмауы керегін айтып ақталған. Енді олар маршруттық автобус тізгіншісіне шара қабылдауды сұрап отыр.
«Менің желідегі жазбамды Ikomek орталығының мамандары көріпті. Жеке деректерімді сұрап, арыз жазуыма кеңес берді. Мән-жайды тексеруге уәде беріп отыр. Бос сөз болып қалмас деп үміттенемін», – дейді жәбірленуші.
Осы жағдайға байланысты Қостанай қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Мәжит Шүленов те түісінк берді. Оның айтуынша, ТКШ бөлімі «Жарық Жол-1» ЖШС басшысына қарамағындағы №24 маршрут қызметкеріне шара қолдану туралы хат жолдаған.
«Компания басшысына мүмкіндігі шектеулі жолаушылармен жұмыс істеу жөнінде жүргізушілер арасында семинар өткізуге ұсыныс жасалды. Сондай-ақ, әбестікке жол берген қызметкеріне тәртіптік жауапкершілікке тарту сұралды. Никита, бұдан кейін мұндай келеңсіздіктерге тап болмайсыз деп үміттенеміз», – деді баспасөз хатшысы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓