Маңызы зор, мәні терең

Бұл Жолдауды әр азамат өзінің ұғып-түйгеніне, іскерлік бағытына сай таңдап, талдайтыны анық. Негізі, мән-маңызы терең көптеген мәселе қарастырылды. Мәселен, солардың ішіндегі елеулілерінің бірі – кәсіпкерлікті қолдау. Неге десеңіз, дамыған мемлекеттердің көбісі әуелгі кезекте шағын және орта бизнеске баса көңіл бөліп, әркез дамытып отырады. Ол тарихи дәлелденген үрдіс. Сондықтан Перзиденттің осы саланы сөз ете келіп, «жеткілікті деңгейде қаржыландырылмаған» деуінің өзі бұл бағытта әлі де олқылық бар екенін аңғартады. Тағы да өзгерістер және қаржылай көмек қажет  екенін айқындап айтты. Агроөнеркәсіпті дамыту да кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Бұл салада ғылыми тұжырымдамаларды кеңінен қолдану керек. Өйткені сапасы сын көтермейтін инфрақұрылым бұл саланың өрістеуіне тұсау салып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, бұл салаға ғылыми тұжырымдаманы кіріктіре отырып, инфрақұрылымды жаңарту өте өзекті.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы әлеуметтік салаға қатысты да көп жаңалық жария етті. Елдегі ең төменгі жалақы мөлшерінің көтерілуі, жемқорлардың желкесінен сығып алынған қаржыны ең алдымен мектеп салуға жұмсау – жақсы бастамалар. Онымен қоса, әлеуметтік әмиян жобасы да халық күткен жаңалық деп есептеймін. «Балалардың ұлттық қорын» құру шешімі әлеуметтің көңіліне медеу болғаны сөзсіз. Өмірге келген әр сәбиге арнайы шот ашылып, 18 жасқа дейін жеке жинағы жүргізілмек. Мұны депозит түріндегі шот деп түсіндім. Кәмелетке толған әр азаматтың есепшоты, мемлекет жинап берген қаржысы болса, бұл дегеніңіз үлкен жеңілдік, зор ғанибет емес пе. Өзім де бес баланың әкесімін. Мен секілді біраз отбасы мұны ерекше қуанышпен қабылдады деп ойлаймын.
Өзіме тағы бір ұнаған бағыт – әр салаға білікті маман тарту. Өз басым өте қолдаймын. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олар жан-жақтан, бүкіл әлемнен мықты деген ғалымдарды, тіс қаққан білімді мамандарды тартумен айналысқан. Бұл «тиімді көші-қон саясаты» деп аталады. Шынымен де, мемлекет үшін қажет орасан зор пайдасы бар саясат – осы. СІМ-нен бастап, бүкіл министрлік жұмыла істеуі тиіс бағыт дер едім. Кез келген салаға ғалымдарды, өнертапқыштарды шақыру үшін, әрине, тиісті жеңілдіктер, қаржылай преференциялар секілді қажетті жағдайлар жасалуы шарт. Осыны жақсы жолға қойса, жемісті мемлекеттік саясатқа айналар ма еді.
Одан кейін кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешім де тосын болды. Саяси науқаннан соң бір рет қана Президент болу ұсынысы қарастырылмақ.  Бұл – өте дұрыс. Арнайы заң қабылданып жатса, елде үлкен саяси өзгеріс болары сөзсіз. Өйткені әр кандидатқа 7 жыл ғана Президент болатын мүмкіндік бар. Ол дегеніміз – болашақ мемлекет басшысы қысқа мерзімде ел мен жердің, тарихтың алдындағы жауапкершілігін мейлінше түйсіне түседі деген сөз.
Жалпы, осы Жолдауда ерекше екпін салынған бағыттар бұдан да көп болды. Әрине, қай-қайсының да маңызы аса зор. Өзімнің көңіліме жағып, көкейімде қалғандары – осы мәселелер.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓