Қостанайды көркейту күн тәртібінде
Қостанай қаласының әкімдігі облыс орталығын абаттандыруға қатысты мәселелерді қоғам талқылауына салу үрдісін енгізуді ұсынып отыр. Бұл туралы қала әкімі Марат Жүндібаев журналистермен өткізген кездесуінде айтты.Шаһар басшысы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, қаланы көркейту жоспарын жария етті. Атап айтқанда, жол құрылысы, саябақтарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және басқа жұмыстарға байланысты жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, кезек күттірмес мәселелер жеткілікті. Мәселен, көгалдандыру тұрғысында шешімін таппай тұрған түйткілдер бар. Триатлон паркіне, сондай-ақ Гашек көшесіндегі «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» саябағына егілген ағаштар қурап жатқан көрінеді. Сондықтан қазіргі таңда әкімдік суару жүйесін қалыпқа келтіруге бағытталған жобаны пысықтап жатыр. Бұл осыған жауапты қызметкерлердің жүктемесін азайтып, жалпы көгалдандыру жұмыстарының тиімділігін арттырады деп болжанып отыр. Бірақ бұған аз қаржы шығындалмайды. Гашек көшесі бойындағы саябақтың өзіне 300 млн теңгедей қаражат жұмсалуы мүмкін. М.Жүндібаевтың сөзіне сенсек, біртіндеп «Шағала» және «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» саябақтары қосылып, біртұтас кешенге айналуы тиіс. Қазір әкімдік алматылық мамандардың көмегіне жүгініп жатыр екен.
"Біз елордада ботаникалық баққа қызмет көрсететін дендрологтармен келісім-шартқа қол қойдық. Бізге жеті маман келіп, жұмысқа кірісті. Олар бізге қаланы көгалдандырудың бас жопарын құруға көсектеседі. Қостанай топырағында қандай өсімдіктер өсірген қолайлы, қандай ағаштарды кесу керек, қайсысына тимеу керек – соны анықтап береді. Негізінен, көпжылдық өсімдіктерге көңіл бөлу қажет", – дейді қала әкімі.Дендрологтар мамыр айында Тобыл жағасында өртке оранған үйлердің орнын жасыл желекті саябаққа айналдыруға да кеңес-көмек беруі ықтимал. Айта кетерлігі, тілсіз жаудан баспанасыз қалған оннан астам отбасыдан осы аумақ сатып алынған. Ал жапа шеккендерге 154 млн теңге көлемінде жәрдемақы төленіпті.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – көшелерді жарықтандыру. Бұл жағдайға үнемі мониторинг жүргізіліп, олқылықтарды түзеуге күш салынуда. Алдағы бірнеше жылда осы түйткілді түбегейлі шешу көзделіп отыр. Әсіресе, әлгінде айтылған жағалаудағы саябақтар самаладай жарқырауы тиіс. Мұның сыртында, көше әжетханаларын салу, жағалауларға баратын қалалық автобустар шығару жоспарда бар. Жағалауға Фролов көшесі арқылы кіретін жол да салынады. Үш жеке жобадан тұратын жолдың құрылысына 1 млрд теңгедей қаржы жұмсалуы мүмкін. Мұның сыртында, Абай даңғылы мен Тәуелсіздік көшесі аралығына орташа жөндеу жасалады. Қала әкімі облыс орталығындағы тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту, көлік тұрағын көбейту, қоқыс шығару, Қонай елді мекенін дамыту мәселелеріне де тоқтала өтті.
Жалпы, қаланы көркейтуге қатысты жобаларды қала әкімдігі қоғам талқылауына салуды көздеп отыр. Жергілікті БАҚ-тың электронды алаңында да сауалнамалар жүргізілмек.