ЖАЗБА АЙТЫС: Марғұлан мен Аслан
Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығына арналған жазба айтыстың алғашқы айналымындағы келесі жұп – Марғұлан Оспанов пен Аслан Қанғожин. Екеуі де ел мойындаған ақындар, шашасына шаң жұқтырмас хас жүйріктер. Бүгін қос құрдас жазба айтыстың тамаша үлгісін көрсетіп, жырсүйер қауымның мейірін қандырар деп сенеміз.
МАРҒҰЛАН:
Сүйеніп енді ақындар қаламына,
Келіпті жазба айтыстың алаңына.
"Қостанай таңы" жасап жыр додасын,
Көндіріп жатыр бізді талабына.
Домбыра, көрерменсіз көсіле алмай,
Көңілдің селсоқтығын қара мына.
Бұл күнде газет оқып отыратын
Оқырман көзғарақты, саналы ма?
Шырмалып ғаламторға жатқан жоқ па,
Жұтылып ақпараттың аранына?
Қарайтын теледидар жан қалмады,
Гезеттің кім үңілсін парағына?
Баспасөз ісін бастап тарихта алғаш,
Қалдырған Мұхамеджан баба мұра.
Кезінде "Айқап" деген жорнал ашты,
"Әй, қап!" деп өкінген соң заманына.
"Қазақ" деп газет ашқан Ахаңдардың
Жармасты иттер келіп балағына.
Ақыры абақтыға қамап тынды,
Тағылып неше түрлі жала, кінә.
Онысызда мына дүние Мағжан айтқан:
"Сұм өмір абақты ғой саналыға".
Кешегі "Ауыл" болып шыққан газет
Жырлады даланы да, қаланы да.
Бұл күнде жүзге толған газет үшін
Айтайын құтты болсын жараныма.
Айтысқа қарсылас боп сол газеттен,
Аслан тап келіпті таланыма.
Шартпа-шұрт айтысайын құрдасыммен,
Шабыттың шала мас боп шарабына.
Кетейік жазба айтыста жырға сүңгіп,
Сермесін құлашын кең құрдасым нық.
Жазба айтыс оған таныс жыр айдыны,
Балықтай ұстатпайды бұл да сырғып.
Өткізіп жатқаннан соң өз газеті
Танытар басқалардан бір басымдық.
"Қостанай таңы" – қара шаңырақтың,
Тағылымды тарихы бар бір ғасырлық.
Газеттің ең алғашқы редакторы
Біле ме Сералиндей тұлғасын жұрт?
"Айқап" деп қазақта алғаш жорнал ашып,
Жеткізген журналистік тілді асыл ғып.
Алашшыл арыстармен тізе қосқан
Тұрсын деп қазағымдай шың басында ұлт.
Жүрген соң бабалардың ізін жалғап,
Сендерге қаламгер деп біз бас ұрдық.
Сералин Мұхамеджан туған ауыл
Қалғаны назардан тыс бұл да шындық.
Тілші боп тіліп тұрып соны айтпасаң,
Жүргенің қалам ұстап – құр масылдық.
АСЛАН:
Белімді тәуекел деп бекемдедім,
Адалдық туы болсын көтергенім.
Мың сәлем арлы, ойлы оқырманға,
Армысың, Тобыл-Торғай мекен-жерім.
Ғасырлық мерейтойы басылымның,
Ендеше қарап жату бекер дедім.
Сералин, Майлиндердей газет ашып,
Том-томдап шықпаса да жеке еңбегім.
Соларға ұқсап бағып жүрген ұлмын,
Қолыма қалам ұстап өтем дедім.
Өзегімнен өрілген әрбір сөзден
Адалдығым сезілсе екен менің.
Ойламан сені-дағы айлалы ер деп,
Құрдасың дәл өзіңдей майда желмек.
Тұлғаның туған ауылы тұралап тұр,
Саналған Қостанайдың қаймағы Өрнек.
Айтылды, жазылды да талай рет
Қайда деп дәуірлеген қайран Өрнек.
Жолы жоқ, мектебі жоқ, шеттегі ауыл
Күн кешіп жатыр бүгін жайлап, ерлеп.
Он бес үй – осынша үміт үзілмепті
Жетсе екен тілегіне жайнап Өрнек.
Өкініп өткен шаққа қарай бердік,
Елімнің шепте тұрған айбары ең деп.
Шекара түбінде жер бос жатқасын
Көршілер ойлап қалар жайдақ ел деп.
"Гүлденсе ауыл – бәріміз гүлденеміз" –
Биағаң сөзі осындай ойға келмек.
Тудырған Мұхамеджан Сералинді
Қалмасын қайран Өрнек қаймана ел боп.
Тағдыры ұлылардың қатаң екен,
Құрдасың соны ойлаумен қапалы екен.
Ұлтына қалытқысыз қызмет ету –
Берілген арыстарға атақ екен.
"Қазақ та жер пайдасын көрсін" деген
Еңбегі Сералиннің сапалы екен.
Тарихты білмейтұғын бәлшебектер
Қабылдап небір шешім жатады екен.
Ресейге қосамыз деп Қостанайды
Шығарған Лениннің шатағы екен.
Қызғыштай қорғаштаған барын салып,
Ахаң мен Мұхаңдардың қаһары екен.
Ерлігі сол ерлердің деп білемін,
Ешкімге берілмепті атамекен.
Ерлерім жанын салып қорғаған жер
Қаңырап бос қалғаны батады екен.
Мінгестік өнер атты нар кемеге,
Тулайды айтыс десе қан денеде.
"Шартпа-шұрт айтысайық" деп қалыпсың,
Өнерге тек дау қуу әр бере ме?
Алып ең құрдасыңды аттай қалап,
Қара өлең – қылқұйрығың, ал бөгеме.
Қоғамның санасына шырақ жаққан
Мұхаң мен Биағаңнан қалды өнеге.
"Оқырман көзқарақты, саналы ма?"
Дегенің меңзеуің бе әлденеге?
"Газеттің кім үңілсін парағына?"
Деп тағы күмәнді ойға жан бере ме?
Жеті мың оқырманы басылымның
Досым-ау, тақияңа тар келе ме?
Іс-шара жасай қалсаң шақырасың,
Тең көріп тілшілерді хан Кенеге.
Музейде жұмысыңды біз жазбасақ,
Ағайын ауылдағы мән бере ме?
Жалғасқан өнегенің бірі осы ғой,
Айтқаным жеткен шығар жанды өреге.
МАРҒҰЛАН:
Газеттің жеті мың деп таралымын,
Мақтанып отырғанын қара мұның.
"Қостанай таңы" бізде жалғыз газет,
Жазатын тек қазақша жаңалығын.
Тоғыз жүз мыңға жуық облыста –
Есебі соңғы халық санағының.
Ал, оның қырық пайыз қазағы жүр,
Өңірдің орысша оқып хабар-үнін,
"Жет мың тақияңа тар емес",- деп,
Ағайын, тіл қатты ғой маған ұлың,
Сөзімді өз ойыңа ыңғайлап ап,
Өзінше Марғұланға тағады мін.
Газетке тіл тигізіп отыр десең,
Аслан, айналайын, жала мұның.
Газетті сынағам жоқ, оқымайтын
Халықты сынағанмын қарақұрым,
"Интернатта оқып жүр" десе Абай,
Интернеттен алып жүр бала білім.
Мен айтсам, осы жағын меңзегенмін,
Басыма төндірмеші қаралы күн.
"Қостанай таңыменен" мақтанамыз,
Жаршысы бола білген заманының.
Бір айлық көрсеткіші сайттағы,
Қырық мың болады екен қаралымың.
Ағайын, қолдап қазақ басылымын,
Төл тілдің арттырайық дара құнын.
"Костанайские новости" газетінің
Мән беріп тираж санын қарады кім?
Көп екен екі есеге бұл газеттен,
Мен бүгін соны көріп жаралымын.
Тұр еді бастауында бұл газеттің,
Бейімбет, Мұхамеджан нар алыбым.
Көрнекті журналистер көп болды ғой,
Көрсеткен қарымдығын қаламының.
Кезінде басылымға басшы болған
Тумыш Сарходжаевтай бағалы ұлың.
Саяси қуғын көріп, істі болды,
Ешкімнің аттамай-ақ ала жібін.
Редактор Рүстемов Зиябектей
Қалдырған зиялылар саналы ұғым.
Қайыржан Бекқожиндей қаламгерлер
Танытқан ғылымда да даралығын.
Беген Байсақаловтар өтті өмірден,
Арқау ғып қаламына дала мұңын.
Қалдырған қолтаңбасын бұл газетте,
Сапаржан Қайдаровтай аға бұрын.
Сейіт пен Сержан, Салық, Бақытжандар
Байқатты таудай барын талабының.
Салмақты Сәлім ағай орны бөлек,
Ісімен дәлелдеген даналығын.
Осындай топтан озған тұлпарлардың,
Сен едің ізін басқан қара құлын.
Иа, рас, сені айтыста сұрағаным,
Салмаспын көңіліңе сірә да мұң.
Айтысып, тартысқанмен сахнада,
Ақындар баласындай бір ананың.
Келесің адал дос боп бала жастан
Өмірдің бірге көріп бұралаңын.
Сондықтан айтысудан бас тартпас деп,
Сезгенмін құрдасымның құп аларын.
Аслан, Алладан соң саған мәлім
Жасалған біліп-білмей күнәларым.
Менің де көз алдымда әлі күнге
Шатпақтап алғаш өлең құрағаның.
Бірталай отты өлеңдер өмірге кеп,
Жұрт жаттап оқушы еді ұнағанын.
Аслан, неге сенің бір кітап боп
Жарыққа шықпай жатыр мұраларың?
Өлеңді үйленген соң жазбай кеттің,
Санаңды тұрмыс билеп, тұраладың.
Көп болды айтысқа да шықпағалы,
Жатырқап қалды-ау жаның жыр алаңын.
Мен сені аттай қалап сұрауымның
Себебі болған шығар сірә мәлім?!
Таланып қалмасын деп кәрі арыстан,
Жасадым қорғаштаудың бір амалын.
Есімің көп естілмей жүргеннен соң,
Жастар жүр келеді-ау деп бұған әлім.
Оларға тепкілетіп қойғанымша,
Сазайын өзім берем "ғұламаның".
Үйренген "жауыңмын" ғой қаламайтын
Тауыңның шағылып бір құлағанын.
Өзіңдей Жақсылықтың баласынан,
Шықпас деп жаман ақын ұға аламын.
АСЛАН:
Сөз шіркін таусылмайды жыр құрасаң,
Шындығың айтылмайды шымшымасаң.
Газеттің аз болса да таралымы
Жан сап жүр жұқтырмауға ұлтына шаң.
Орысша басылыммен салыстырып,
Марғұлан, бола қапсың мұңшыл Асан.
Бүгінде баспасөзге қиын, рас,
Интернет айтары елдің, кіл сұрасаң.
Өзің де "инстадан" шықпай жүрсің,
Гүлісің "стористің" – жылтырасаң.
Әрнені себеп қылып дос көңілмен,
Үйіңе жиі барып шұрқырасам.
"Қостанай таңын" сонда таппай қалам,
Болатын жан деп жүрсем жұртына шам.
Біреуі "жанашырдың" сендей болса,
Сейілер күмәнімнің бұлты қашан?
Өзіңді өзгеше бір дос дер едім,
Сөзіңді дос туралы қош көремін.
Жарасар саған қалай айтсам-дағы,
Бауырдай бірге өзімен өскен едім.
Аудандық оқушылар айтысында
Өнерде тұсауымды кескен едің.
Сенің де "ұйқас, буын ауылына
Жасаған саяхатың" есте дедім.
"Тірлікті күйттеп өлең жазбай кеттің" –
Жоқ менің бұған қосар еш дерегім.
Жігітке мойындау да бір ерлік қой,
Келмейді жалған сөзбен кестелегім.
"Туады өлең деген қайшылықта",
Мен де осы тұжырымды ескеремін.
Шөпті де, шөңгені де сөз етуге
Қара өлең қасиетінен сескенемін.
Досым-ау, есіп соққан самалдайсың,
Өзіңді кейде дара бағамдайсың.
"Таланып қалмасын деп кәрі арыстан" –
Бұл уәжбен сен алысқа бара алмайсың.
Дегендей шаба алмайтын шабандайсың,
"Жастардан қорғадым" деп неге алдайсың?
…Кітабым шығар әлі келешекте
Марғұлан, оған неге алаңдайсың?
Сол жинақ шықса, ертең оқымайсың,
Қырып кітап оқитын адамдайсың.
Көргем жоқ кітап оқып жүргеніңді,
Оқиық десем кейде, табандайсың.
Тұсауын кітабымның кесер кезде
Шақырмай қалсам, кінә таға алмайсың.
Сүйсінткен сөз-киемен халқымды әмән,
Қаламы жазған сайын қарқындаған.
Жайсаңдар қызмет еткен шаңырағым
Жүз жылда жетті алысқа даңқың, бағаң.
Биағаң бір дәуірді жазып кетті,
Қалмаған тақырыбы қамтылмаған.
Тынымсыз жырын төккен, сырын төккен
Сырағаң кәусар бұлақ сарқылмаған.
Ел білген Тоғызақов Қасым ақын
Өлеңнің алдаспаны жарқылдаған.
Назарбек Бектемісов нар боп туған
Өршіл жан өлең десе тартынбаған.
Жазушы Ақан Нұрман әдебиетте
Кейкідей жасады образ нар тұлғадан.
Сейіттей мықтылардың еңбегімен
Сақтаймын ата дәстүр, салтымды аман.
Осында жарты ғасыр терін төгіп
Сәлімнің салған жолы алтын маған.
Шығарған кіл мықтыны алтын ұям,
Біз де осы нәр алайық бал тұнбадан.
Жыр еттік өзімізді, өткенді де,
Қалғандай көңілге орнап көктем, міне.
Тоғысқан мерейтойлар осы жылы
Мән берді ел тарихи көп белгіге.
Ахаңның туғанына 150 жыл,
Осы той толғандырды бектерді де.
Жаңғырды ескерткіші, музейі де,
Айтайық елге қызмет еткенді де.
Торғайда жатыр екен айтыс жасап,
Деп едім Марғұланды шепке енді ме?
Жүрсіннің айтысына шығушы едің,
Сенің қатысқаныңды көп көрді ме?
Жүрсіннің жүйрігінің әлеуеті
Әлде сол екі айтыспен шектелді ме?
МАРҒҰЛАН:
Боласың ерегессең қырық пышақ,
Қайтесің құрдасыңа құрықты сап.
"Қостанай таңын" үйден көрмедім деп,
Отырсың бүлдіргелі бүлікті сап.
Жаздырып жұмысыма алған едім,
Білмесең, неге айтасың іріткі сап?
Көрсеттің кітаппен де араз қылып,
Жүргендей өзің оқып қырып кітап.
Досыңды құлатамын деп тұрғанда,
Қалмасын өзің мінген сынып бұтақ.
Оқысаң Сералиннің еңбектерін,
Тұрмысың біліміңді бүріп, тұсап,
Тарихи шығармасы "Топжарғаннан",
Аслан, білсең мөлдір тұнықты тап.
Поэма да он тоғызыншы ғасырдағы
Баяндалды тұрмыс пен ғұрыпты сәт.
Білсең айт "Гүлқашима" поэмасын,
Кітапқа сен де едің ғой құныққыш-ақ.
Әйел теңсіздігіне мән берді автор,
Көңіліне жас арудың үмітті сап.
Оқысаң осыларды неге айтпайсың,
Тұрғанда досың жайып күліп құшақ.
Ит те өлең кей ақынға, доңыз да өлең,
Шөп те өлең, шөңге де өлең, қоңыз да өлең.
Сен бірақ ондай ақын емес едің,
Адамсың адалдықтан жол іздеген.
Мұқаң да газетте істеп жүрген кезде
Өлеңнен сендей емес қол үзбеген.
Сондықтан адаспайсың, жүре білсең
Сералин салып кеткен сол ізбенен.
Ақыннан жұрт жалынды жырды аңдыған,
Досымсың сен де менен сырды аңдыған.
Сұлулап сөздеріңді құрайсың-ау,
Құлдилап құлағандай қырдан құлан.
Құрдасым мен де сенің көңіліңді,
Өлеңнің дәнін сеуіп қырман қылам.
Жүрсіннің айтысында жүрсін деген,
Досымның ниетінен нұрланды жан,
Айтысқа Торғайдағы бара алмасам,
Құмарын оқырманның бір қандырам.
Ахаңның айтысынан сызылғанмен,
Мұқаңның айтысында жүр Марғұлан.
Қыран құс қалықтайды қақпай қанат,
Жанады кейде топта шаппай да бақ.
Көп дүние көзден ғайып боп кетеді,
Тұрсаң да кірпігіңді қақпай қарап.
Айтысты соза тұрсақ болар еді,
Уақыт тұр қысым жасап, қақпайлап ап.
Кеше гөр әзілімнің зілі болса,
Құрдастар бұдан тіпті қатты ойнамақ.
Қызықты, тартысты айтыс көрсетсек деп,
Өзіңді алған едім аттай қалап.
Қарсылық танытпадың сен де, досым,
Қолыңа адалдықтан ақ байрақ ап.
Тұрсаң да кейде адамды жақсы көріп,
Айтуға қиналасың таппай мадақ.
Аман бол қайда жүрсең, алтын досым,
Кетпесін басымыздан бақ тайғанап!
АСЛАН:
Кезгенде кемел көзбен ой торабын,
Айрықша шығар еді айтар әнің.
"Ананы айт, мынаны айт" деп сөз соңында,
Айласын амалсыздың қайталадың.
Мұхаңның елге мәшһүр мұраларын
Ерекше еңбектер деп айта аламын.
Естілер ескі дәуір үні, сыры
Оқыдың "Топжарғанның" қай парағын?
Науанды топтан аман алып шыққан
Жүйрікте болған екен сойқан арын.
Адайлар Құбахан деп атайды екен
Зерделеп көру керек қайта мәнін.
Атүсті жырлай салмай поэманы,
Айта алсаң мен секілді айт орамын.
Нұрханды "Жауыр торы" деген Иса,
Бар шығар бұл теңеуден жай хабарың.
Сондағы айтқаны осы Жауыр торы,
Оны сен білмейсің-ау, байқағаным.
Оқығанды бәрі де айта алады,
Тоқығанды айтқан жөн, әй, қарағым.
Бір елдің баласымыз өсіп-өнген,
Өнердің өнегелі көшіне ерген.
Қаттырақ айтып қалсам, сен де кешір,
Айтысты доғарайық осы жерден.
Халқыңның кәдесіне жарай берсін
Өлеңің өзегіңнен есіп өрген!