Қостанайға 5,5 мың ресейлік көшіп келген
Биылғы 7 айдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда тұрақты өмір сүргісі келетін ресейліктердің саны соңғы екі жылдағы көрсеткіштен екі есе көп, деп хабарлайды Экспресс К.
ҚР ІІМ-нің «Курсив» сайтына берген ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда тұруға ресейліктер тарапынан 2020 жылы 2610, 2021 жылы 2853 өтініш түскен. Ал биыл соңғы жеті айда 4566 өтінім қабылданыпты.
«ЕЭО елдерінің азаматтары Қазақстанда тіркеусіз бір ай, ал ресми тіркеумен 90 күн бола алады. Тіркеуге алғашқы үш күнде отыру қажет. 3 ай өткен соң шетелдік азаматтар не елден шығуы тиіс, не уақытша тұруға рұқсат алу үшін құжат өткізуі керек», – деп түсіндірген министрліктегілер.
Ресейліктердің таңдауы түскен облыстар – Қарағанды (9877 адам), Алматы (7684), Шығыс Қазақстан (7415), Қостанай (5456) және СҚО (4734).
«Керісінше, биыл Ресейге 11 037 қазақстандық азамат тұрақты өмір сүруге көшіп кеткен. Осы кезеңде елімізге жұмыс бабымен, оқуға, емделуге немесе туризм мақсатымен 2 134 598 шетелдік келді. Елдеріне кеткен шетелдік азаматтар саны – 2 529 424», – деп жазады сайт.
Ал Қазақстан азаматтығын алуға жиі өтінім беретіндер мәліметі мынадай: биыл берілген 198 806 ЖСН-нің 91 454-і өзбектерге, 74 371-і ресейліктерге, 7 896-сы тәжіктерге, 4 470-і қырғыздарға және 1 520-сы Украина азаматтарына тиесілі екен.