ЖКО: Орталықта ойран салған жүргізуші ұсталды
Қостанайда «Мерседес» жүргізушісі орталықтағы орындықтар мен бағаналарды отап кетті. Жол ережесін өрескел бұзған күдікті мемлекеттік нөмірін шешіп алып, көлікті тастап, қашып кеткен.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс жағдай туралы хабар «102» кезекші нөміріне 15 тамызда таңғы сағат 4:00 шамасында келіп түскен. Қала орталығындағы жол-көлік оқиғасы туралы «Март» сауда орталығының күзетшілері қоңырау шалыпты. «Мерседес» орындықтарды, қоқыс жәшіктерін және шам бағаналарын дал-дұл етіп қиратып кеткен. Апаттан соң жүргізуші көліктің нөмірін қолтығына қысып, оқиға орнынан із жасырады.
«Қазір күдікті қолға түсті. ҚР Әкімшілік кодексінің 610-бабының 1-тармағына және 611-бабының 2-тармағына сәйкес, әкімшілік іс қозғалды», -дейді баспасөз қызметіндегілер.