38 мың: кімдерге тиесілі

«Бұған дейін арнайы санаттағы балаларды мектепке дайындау үшін мемлекет есебінен бөлінетін қаражат мөлшері 17-40 мың теңге аралығында болатын. Таяуда бұл нормаға министрлік ұсынысы бойынша өзгерістер енгізілді. Енді ең төменгі көмек – 37 389 теңге болады. Бірақ Қостанай облысы бойынша дөңгелектеп 38 000 деп бекіттік. Бұл бір ғана оқушының қажеттілігіне бөлініп отыр. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгерістер енгізілді. Енді ақша ата-аналардың шотына тікелей аударылады. Бұған дейін қажетті заттарды мемлекеттік тапсырыспен сатып алатын. Сондықтан да тауардың көлеміне, сапасына байланысты ата-аналар тарапынан мәселелер туындайтын. Бір жағы білім бөлімдеріне қиындық тудыратын. Мемлекеттік тапсырыс алушылардың кейбіреуі жауапсыздық танытса, екіншісі мерзімінен кешіктіріп жататын», – дейді Зәуре Байменова тілші сауалына орай.
Зәуре Әнуарбекқызының мәліметінше, биыл атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және төтенше жағдайға тап оқушыларға да материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді. Яғни, бес жікке бөлінген.
«Қазір аита-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ата-ананың есеп-шотына қаржы түскеннен кейін 15 күннің ішінде қажетті заттар алынуы тиіс. Және қаражатқа не алынды, түбіртегі, фотосы қоса салынып, есеп берілетін болады», – дейді облыстық білім басқармасының басшысы.
Егер көпбалалы отбасының балалары бола тұрып, әлеуметтік жағдайы бар болса, мұндай көмек көрсетілмейді.
«Жыл басынан бері біздің басқармаға материалдық көмек сұрап өтініш білдірген ата-аналар бар. Жаңа оқу жылында білім бөлімдері 200 баланы киіндіріп үлгерді. Кеше ғана Қарабалық ауданында қысқы киімдер, канц тауарлармен қамтылды. Қалған отбасыларға енген өзгерістерге сай қаржылай көмек көрсетілетін болады», – деп түйіндеді Зәуре Әнуарбекқызы.
Айта кету керек, енген өзгерістерге Оқу-ағарту министрлігі 8 тамыз күні қол қойды. Құжатқа он күннен кейін заңды күшіне енеді.