Ұстазым менің, ұстазым…
Қостанай қаласындағы балалар шығармашылығы үйінде мұғалімдер күні мерекесіне байланысты қала мектептері ұстаздарын ұлықтауға арналған іс-шара болып өтті.

Төл мерекелерінің салтанатына жиналған ұстаздардың барлығы да салтанатты, құшақтары гүлге толы, көңілдері көтеріңкі, әсем музыка да ойнап тұрды.
Мұғалімдер күніне арналған салтанатқа жиналғандарды Қостанай қаласының әкімі Б. Жақыпов, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары В. Цымбалюк, қалалық білім бөлімінің жетекшісі Д. Сүйіндікова құттықтады, ұстаздарымыздың табыстарын айтты, жетістіктерін жеткізді. Мысалы, Қостанай қаласындағы №3 орта мектебінің мұғалімі Әміржан Жұмабеков, Рудный қаласының №15 орта мектебінің мұғалімі Сайран Өміржанова республикалық «Үздік педагог» конкурсында жеңімпаз атанды, қомақты ақшалай сыйлыққа ие болды.

-Еліміздің тірегі болар жастарымызға сапалы білім беретін, рухани байлықтарын дамытатын, Отанының патриотты азаматы болып өсулеріне жол көрсететін шамшырағы-сіздерсіздер. Елбасымыз да білім саласына баса назар аударып отырғаны сондықтан. Мемлекет, атқарушы билік тарапынан қала мектептерінің материалдық-техникалық базасының нығаюына, балаларымыз заман талабына сай білім алуларына барлық жағдайлар жасалу үстінде. Мектептерімізде білікті педагогтарымыз жұмыс істейді, олар да түрлі байқауларда табыстарымен көрінуде,-деді қала әкімі Б. Жақыпов.


Гүлназым САҒИТОВА
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай