Жоғалған қызды іздеуге мотодельтаплан жіберілді
Табылмағанына үш күн өткен кішкентай Мәдинаны іздеуге мотодельтаплан кірісті.
Кешкі уақытта әуеде ұшып жүріп іздеу шараларын жалғастыру үшін "Дельта-С" ЖШС техникасы пайдаланыла бастады. Рудныйлық бұл кәсіпорын Қостанай облысында авиация-химиялық жұмыстармен айналысады. Бүкіл елді алаңға салып, құқық қорғау органдарын аяқтан тік тұрғызған оқиға серіктестік басшылығын да бейжай қалдырмапты.
"Қостанай ауданында жоғалып кеткен балаға іздеу салынып жатқаны туралы хабар жетісімен дереу көмегімді ұсынуға шешім қабылдадым. Өйткені бұл техника іздеу жұмыстарын жүргізуде тиімділігін сан мәрте дәлелдеген, – дейді ЖШС басшысы Сергей Хоменко.
Мотодельтаплан 1000 гектар аумақты шарлайды. Тағы да алқаптардың және Тобыл өзені арналарының үстімен ұшып өтпек.
Айта кетейік, бүгін қатарға тағы 500-ден астам ерікті қосылып, ұзын саны 1000-нан асатын адам іздеу іс-шараларына атсалысты.