Ұлт мұрасы ұлықталды
Қазақтың ғасырлар бойы сақталып келген ұлттық мұраларын дәріптеу, салт-дәстүрін насихаттау. Қостанайдың орталығында, Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіші алаңында өткен тұңғыш фестивальдің мақсаты осы болды. «Ұлы дала ұрпақтары» деген атаумен өткен іс-шараны «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырды.
«Бұрынғы дәуірдің ықпалын қатты сезініп, ұлттық құндылықтардан алшақтап қалған өңірде осындай іс-шараларды жиі өткізу маңызды. Әсіресе, жастар үшін. Бүгінгі фестиваліміз Ахаңның ескерткіші алдында өтуінің өзі үлкен мәнге ие. Кейінгі буын тарихын біліп, рухы мықты болып өсуі керек», – деді думанды кештің ашылуында «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржан Ермағамбетов.
Фестивальде Рудный қаласы мен Қостанай ауданының, сондай-ақ облыс орталығының өнерпаздары ән шырқап, би биледі.
Алты шағын және бір үлкен киіз үй тігіліп, оларда қазақтың ежелгі тұрмысын бейнелейтін бұйымдар қойылды, киім-кешектер ілінді. Жиылған жұрт ұлттық дастарханымыздан дәм татып, қолөнершілер жәрмеңкесінен керегін сатып алып жатты.
Ою-өрнек жарасым тапқан ұлттық киімдер көпшілік назарын ерекше аударды. Әсіресе, Рудныйдан келген ісмер Роза Нұрмаханованың қолынан шыққан көйлектерге қызыға қараушылар аз болған жоқ.
«Қазақстанға қоныс аударғаныма бір айдан енді асты. Қолымда «қандас» деген құжатым бар. Азаматтық алысымен өзім Өзбекстанда бастаған ісімді осы жақта жалғастырғым келеді. Қыз-келіншектерге арналған киім-кешектен бөлек, қыз жасауын, ер азаматтардың да шапанын тігемін. Сахналық киімдерге де тапсырыс түсіп тұратын. Енді шеберхана ашсам, тұрақты тұтынушыларым болады деген сенімдемін. Қасыма келінімді көмекші етіп алмақпын», – дейді Роза.
Фестивальде өнерпаздар баланы бесікке салу, қырқынан шығару және қазақтың тағы басқа да салт-дәстүрінен көріністер қойып, көрермен қошеметіне бөленді.
«Қостанай ауданы Мәскеу ауылының, Рудный қаласына қарасты Горняцкий кентінің шеберлері мен өнерпаздары жақсы атсалысты. Олардың фестивальге жақсы дайындықпен келгеніне ризамыз», – деді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Наталья Рамазанова.
Думанды кеш аясында «Ұлт асылы» арулар байқауы өткізілді. Онда қатысушылар бар өнерін ортаға салып, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуден жарысқа түсті.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.