“Ақтөбеден” аса алмады
6 мамыр күні Қостанайдағы орталық стадионда, жергілікті "Тобыл" еліміздің бес дүркін чемпионы "Ақтөбені" қабылдаған еді. Бұл матчты қостанайлық жанкүйерлер тағатсыздана күткені анық. Өйткені,бұл биыл чемпионат басталғалы "Тобылдың" орталық стадионда өткізген алғашқы ойыны. Мұндағы алаңға "Затоболец" стадионындағыдай жасанды емес, нағыз табиғи шөп төселген. Оның ойынға әсері күшті. Екіншіден, қос қарсылас арасында тартыс барша футбол мамандары арасында отандық "эль-классикоға" баланып жүр. Алайда, бұл жолы жерлестеріміз тегеурінді командаға қарсы табандылық көрсете алмады. Ойынның он үшінші минутында "Ақтөбе" футболшылары алаң иелерін қапы қалдырды. Данило Неконың соққан добы сөйтіп қонақтарды алға жетелеген. Кездесудің екінші таймында батыс қазақстандықтар таблодағы есепті еселеді. Бұл жолы Тимур Кападзе өзіне қарай бағытталған допты баспен ұрып А.Петухов қақпасына сүңгітті де жіберді. Мұның алдындағы қос ойында жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын едәуір түзеп алған жерлестеріміз орталық стадионға жиналған жүздеген жанкүйерлерін тағы жерге қаратты.
Әлібек
ЫБЫРАЙ