ШӨП ТАПШЫЛЫҒЫ БОЛМАЙДЫ

Былтырғыдан сабақ алған облыс шаруалары бұл жолы табиғат байлығын молынан қарпып қалуға бел буып отыр. Кейбірі ауа райына тәуелді болмас үшін суармалы тәсілге көшкен. Яғни, облыста екпе шөп алқабының көлемі екі есе ұлғайды. Өткен жылы халық шөп жетпегендіктен мал басын едәуір қысқартқан еді. Мәселен, Жітіқара ауданында өткен жылы 20 мың қара мал болса, биыл ол 4 мыңға азайған. Жергілікті шаруалар екі-үш жыл қатарынан құрғақшылықтың зардабын тартты. Оның үстіне мал азығының бағасы шарықтап кетті. Сондықтан, облыс аудандары көптеп-көлемдеп көмектесіп, қыстан малдарын әупірімдеп әрең алып шыққан-ды. Биыл жағдай басқаша. Шаруалар былтыр 1,5 центнерден шөп жинаса, биыл кемі 5 центнерден өнім жинап аламыз деп алақан ысқылап отыр.

"Судан шөбінің артықшылығы сол, қолайлы ауа райы болса, жылына екі рет орақ салуға болады. Басқаларға қарағанда және 50 процент көп түсім береді. Оның сыртында малға құнарлы азық", – дейді шаруашылықтың бас агрономы Виктор Широков.
Құрғақшылыққа ұрынбас үшін кейбір шаруалар алқапты суару технологиясын қолдана бастаған. Жітіқарадағы шаруашылықтардың бірі субұрқақ қондырғысын іске қосқан. Жалпы, аудан бойынша екпе шөп аумағы біршама кеңейтілген. Мәселен, өткен жылы 6 мың гектар болса, биыл оның көлемі он мың гектарға жеткізілген.
"Аудан бойынша малдың қыстап шығуына 36 мың тонна шөп қажет. Өткеннен сабақ алған ауылшаруашылық құрылымдары биыл бір жарым жылдық қор жинап алуды жоспарлап отыр. Оған мүмкіндік бар", – дейді Жітіқара ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дияр Айжаров.
Бөлім басшысы шөп бағасы былтырғы денгейден аспайды деп сендіріп отыр. Яғни, шөптің тоннасы 30 мың тенге шамасында болмақ. Бұл енді коммерциялық баға. Ал жекелеген шаруашылықтар өз жұмыскерлеріне одан арзанға беретіні анық.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.