Мемлекет меншігіне қайтарылды
Жақында пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді тексеру және алып қою мәселелері бойынша республикалық жұмыс комиссиясының Қостанай облыстық ведомствоаралық кіші тобының төртінші отырысы өтті.
Отырыс барысында Амангелді және Әулиекөл аудандарының әкімдері ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Жұмыс қорытындысы бойынша облыстың барлық өңірлерінің әкімдеріне жерді нысаналы мақсаты бойынша пайдалану қажеттілігі және осы міндеттемелерді орындамау салдары туралы түсіндіру мақсатында пайдаланылмайтын жерлердің ғарыштық мониторингі шеңберінде анықталған субъектілермен жұмыс жүргізу қажеттілігі туралы тапсырма берілді.
Облыстың Жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметі бойынша, бақылау нәтижесінде 130 мың гектарға жуық пайдаланылмайтын жер телімдері анықталып, олармен жұмыс жүргізілген. Бұл ретте, мемлекеттік меншікке, оның ішінде ауыл шаруашылығы айналымына 87 мың га қайтарылды.
Бұдан басқа, Департамент жалпы ауданы 39 мың га болатын 3 субъектіге қатысты сот тәртібімен жерді мәжбүрлеп алып қою рәсімін бастады, бұл ретте сот шешімі бойынша Жітіқара ауданының аумағында жалпы ауданы 1,4 мың га болатын 3 жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Жер учаскелерін пайдалану мәселелері бойынша консультацияларды Қостанай қаласы, Амангелді көшесі, 93А, 205-кабинетте орналасқан «Jer adaldyg alany» фронт офисінде алуға болады.