Аймақ басшысы Ахаң елінде
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Жангелдин ауданына барды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Сапар барысында ол Ш.Уәлиханов атындағы Торғай жалпы білім беретін мектебіне ат шалдырды. Мұнда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 324,7 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген.

Одан әрі өңір басшысы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатов атындағы мұражайға барды. Мұражай 1991 жылы бой көтерген. Жалпы ауданы – 515,0 м2. Мұнда 8 экспозиция залы бар.




Биыл мерейтой қарсаңында ауданның, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы ауылының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, Ахаңның туған жеріінде сапалы интернет жүргізу, ауыз сумен қамтамасыз ету, елді мекендер арасындағы жолдарға тас жол төсеу сияқты жұмыстар атқарылмақ.

Осы жылы киелі нысандарды жөндеу, автомобиль жолдарын қалыпқа келтіру, А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатовтың әдеби мұражайларының ғимаратын ағымдық жөндеу, сондай-ақ көрме залдарын қайта экспозициялау жоспарлануда, бұдан басқа да көптеген іс-шаралар қарастырылған.
Сонымен қатар, Ұлт көсемінің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу және оны "А.Байтұрсынұлы мұражай үйі" ретінде қайта жасақтау көзделіп отыр.


Жұмыс сапарының соңында Архимед Мұхамбетов Жангелдин ауданының әкімі мен облыстық басқарма басшыларына барлық жоспарланған жұмыстарды бақылауда ұстауды, сапалы және көрсетілген мерзімде іске асыруды тапсырды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев