Аталардың аманаты
Осыдан жүз жыл бұрын, 1922 жылы 25 маусымда «Ауыл» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрген еді. Содан кейін басылымның атауы 8 рет өзгерді. 1991 жылдан бері газет «Қостанай таңы» деген атпен таралып келеді. Бір ғасырлық тарихы бар қара шаңырақтың негізін қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби журналист, қайраткер тұлға Мұхамеджан Сералин мен көрнекті жазушы Бейімбет Майлин қалаған…
«Қостанай таңында» соғыс ардагері, ақын әрі жыршы-термеші Қасымхан Алдабергеновтің де қолтаңбасы бар. Ол қара шаңырақта табаны күректей 23 жыл (1970-1993) қызмет етіпті. Майдангер газеттің замандасы, 97 жаста. Қарт журналист «әр жүрекке періште боп жететін» өзінің сүйікті үнжариясын аға ұрпақтың аманаты деп түсінеді. Басылымның бүгінгі буыны осы аманатты абыроймен арқалап келеді десек те болады. Қай-қашанғы ұстанымы – елдік, мемлекет мүддесі үшін үшін ерінбей еңбек ету.
«Ақпаратты салмақты беру – біздің газеттің басты қағидасы. Мұны аға буыннан жалғасқан жақсы дәстүр дер едім. Ұжымның ең кенже журналисті болсам да, артылған жауапкершіліктің қаншалықты екенін жақсы білемін», – дейді жас журналист Әсел Қибаш.
«Қостанай таңы» – өңірдің бір ғасырлық тарихын қаттаған, талай тастүлекті баптаған, ұрпақтар сабақтастығын сақтаған іргелі басылым. Газет сонау Кеңес үкіметінің құрылуы, нәубет, кәмпеске, қуғын-сүргін, соғыс, тың игеру, қайта құру, тәуелсіз елдің бой тіктеуі сынды небір кезеңдердің куәгері. Кешегі кемеңгерлеріміздің мұрасы, ақ сөзінен айнымаған ағалардың аманаты.
1923 жылы Қазақстанда 24 газет таралыпты. Сонда қазақ тілінде шыққан алты газеттің бірі осы – «Ауыл». «Тіл мен әдебиет – халықтың рухы» деген ұстаныммен талмай еңбектенген Мұхамеджан Сералин мен «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деген сөзі ұранға айналған Бейімбет Майлиннің ізі қалған ата басылым бұл. Олардан соң әр жылдары Тумыш Сарходжаев, Зиябек Рүстемов, Қайыржан Бекқожин, Беген Байсақалов, Сапаржан Хайдаров, Сейiт Әбдiбеков, Сәлтай Ержанов, Бақытжан Жангисин, Сержан Үсенов, Салық Молдахметов, Бақытжан Нұрмұхамедов сияқты редакторлар қызмет етті. Сырбай Мәуленов, Қасым Тоғызақов, Кеңшілік Мырзабеков, Сейіт Кенжеахметов, Ақан Нұрманов, Қойшығара Салғарин, Сапабек Әсіпов, Назарбек Бектемісов, Нұрғожа Оразов және тағы басқа да қабырғалы қаламгерлер тер төкті. Байтұрсын Ілияс, Ғұмар Ахметчин, Сәлім Меңдібай, Жолбарыс Баязид, Ақылбек Шаяхмет, Қайсар Әлім, Серік Шайман, Жайберген Болатов, Дамир Әбіш, Жақсылық Жүнісұлы, Әмірхан Абдуллин, Хамитбек Мұсабаев, Мылтықбай Ысмағұл, Оразалы Жақсанов сынды майталмандардың да есімін оқырмандары ұмыта қойған жоқ.
Бүгінде ұжымда Жанұзақ Аязбеков, Жұматай Кәкімжанов, Айбек Кәдірұлы, Қыдырбек Қиысхан, Қарлығаш Оспанова, Шұға Қоңқабай, Айтолқын Айқадамова, Жандос Жүсіпбек, Қымбат Досжанова, Қасқырбай Қойшыманов сынды өңірге танымал журналистер қызмет істейді. «Қостанай ақшамы» қосымшасы, «Бас редактор әлемі», «Ауыл – ес бесігі», «Шұғаның белгісі», «Тылсым», «Әлеуметтік желіден», «Сән мен Сымбат», «Тылсым» тұрақты айдарлары көпшілікке жақсы таныс.
Басылымның ақпараттық кеңiстiкте өз орны бар. Оның әр жылдардағы жұмысы Еңбек Қызыл Ту орденiмен, Бүкiлодақтық халық шаруашылығы жетiстiктерi көрмесiнiң II дәрежелi дипломымен (екi мәрте), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң Құрмет грамотасымен, «Сорос-Қазақстан» қорының, облыс әкімінің сыйлығымен марапатталған.