“Сыбағаның” сыйын көрген
Етті ірі-қара мал тұқымын дамыту, оның генетикалық әлеуетін, өнімділік сапасын жақсарту – ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал басын көбейту, мал басын асылдандыру жұмыстары Амангелді ауданында сәтті жүзеге асырылып келеді. Мұндағы «Дәулет» шаруа қожалығы Литва мемлекетінен 40 бас асыл тұқымды герефорд сиырын сатып алды. Қожалықтың жетістіктері бұл ғана емес. Бәрін басынан бастайық.
«Дәулет» шаруа қожалығы осыдан сегіз жыл бұрын жұмысын бастады. Кәнігі шаруа Мырзағали Тұрмағамбетовтүп қонысы Жаңатұрмыс ауылында ата кәсібін жандандырып, өрісін төрт түлікке толтырмаққа бел буады.
– Қазақ әу бастан мал баққан, сол арқылы жан баққан халық. Кішкентай кезімізден төрт-түліктің айналасында жүріп, әке-шешемізге қолғабыс ететінбіз. Бұл әр ауылдың баласына тән ғой. Ұлы әкеміз Құсайын, одан әрі Тұрмағамбет, Ерхан аталарым да мал ұстап, шаруасын дөңгелеткен. Өз әкем Әділхан да бірнеше жыл шопыр болып жұмыс істесе де, жылқыға жақын-тын. Анам Сәбира екеуі қолдарынан келгенше көмектесіп, ақыл-кеңестерін айтып отырды. Соның арқасында ағайынды Тұрмағамбетовтердің кәсібі жылжи бастады. Алдымен аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы 3 млн теңге грант ұтып алдық. Кейін елдің аграрлық секторында етті мал шаруашылығын дамытуға арналған теңдессіз жобалар іске қосылды ғой. Мемлекет тарапынан ауылшаруашылығын қолдауға арналған қаржылай көмек беретін сол жобалардың бірі – «Сыбаға» бағдарламасы. Негізі бұл бағдарламаның мақсаты – ірі қара малдарының генетикалық және экспорттық әлеуетін күшейтіп, ет өнімділігін арттыру, еттің өзіндік құнын арзандату, мал басын көбейтіп, ауылшаруашылығы саласында қосымша жұмыс орындарын ашу. Міне, біз осы бағытта жұмыстарды қолға алдық, – дейді «Дәулет» шаруа қожалығының басшысы Мырзағали Әділханұлы.
«Дәулеттің» дәуірі Жаңатұрмыс ауылымен тығыз байланысты. Ауыл үлкендерінің айтуынша, Жаңатұрмыс кезіндегі Қазақстанның 40-жылдығында (қазіргі Байғабыл) дүркіреп тұрды. Тоқсаныншы жылдары ауылдардың шаруасы шатқаяқтап қалғанда да осы Жаңатұрмыстың тұрғындарының байырғы еңбек ережесі бұзылған жоқ. Бұған Тұрмағамбетовтер әулетінің сіңірген еңбегі зор.
2015 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 8,5 миллион теңге несие алған қожалық иесі«Сыбаға» бағдарламасына білек сыбана кіріседі. Сол қаржыға Қарасу ауданының Ключевой кеңшарынан44 бас ірі қара, оның сыртында 3 асыл тұқымды бұқа сатып алған.Қожалықтың тағы бір ерен жетістігі – еуропалық сиыр тұқымын аймақ топырағына әкелгені. 2021 жылы аудан әкімдігінің қолдауымен 30 млн теңге несие алып, Литва елінен бас асыл тұқымды герефорд сиырын сатып алды. Қазір бұл сиырлар жергілікті климатқа бейімделіп, жақсы өнім беріп жатыр.
Жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін мал шаруашылығы мол еңбек пен жауапкершілікті талап етеді. Ал қара жердің арқасы сөгіліп, көк шыға бастағанда малшылар қауымының иығына түсер салмақ та еселенеді.Мырзекеңнің сөзінше, малға жақсы күтім жасамай, әлдебір жетістікке жету оңай шаруа емес. Мал жайлауды жайылымға жібере салып, кешке қораға қамай салу деп түсіну қате. Сол себепті түліктің жем-шөбін уақытылы дайындау, қора-қопсыны таза ұстау нағыз шаруаның басты жұмысына айналуы керек. Бұлардың бәрі бір адамның қолынан келмейтіні тағы бар. «Дәулет» қожалығы бүгінгі күні 7-8 азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Төрт түліктің сай болуы тегеурінді техникаға байланысты екені белгілі. Осыны білген «Дәулет» ШҚ басшысы лизинг арқылы үш «Беларус» тракторын алған.
– Мұның сыртында шаруаға бұрыннан жарап жүрген өзіміздің «МТЗ-80» маркалы тракторымыз бар. Оған қосымша 1 жатка, 2 орақ, 2 өнім тығыздағыш техникаларын сатып алдық. Осылардың арқасында шаруамыз жеңілдей берді. Биыл шөп шығымы жақсы болады деп үміттенеміз. Соңғы күндері қатты жел соғып тұрды, бұл жердің тез құрғауына әкеліп соғуы мүмкін. Сол себепті 20-шы маусымға қарай шөп шабу науқынана кірісіп кетеміз, – деді Мырзағали Әділханұлы.
Қазір Мырзекең шаруасын Қарабатыр қыстағында жалғастырып отыр. Қарабатырдың бір ерекшелігі – шөбі шүйгі жер. Шаруашылықта оған інісі Мұрат көмектеседі. Сөз арасында айта кетейік, Мұрат Тұрмағамбетовті аудан жұртшылығы қазақ күресінің шебері ретінде жақсы біледі. Ол алғашқылардың бірі болып, өңірде спорт шебері атағын қорғаған. Өз салмағында облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүрді. Алайда Мұрекең қазір спортты біржола тастаған жоқ.
– Жасынан спортты таңдаған адам оны тастап кетпейді. Мен кәсіби спортшы мансабымды аяқтасам да, қолым қалт еткен уақытта күрес залына барып тұрамын. Одан қалды, қазір ат бәйгесінің дамуына да үлесімізді қосып жатырмыз. Інілерім Ермек пен Ертарғынды ертіп, бәйге мен көкпарға барып тұрамыз. 9 мамыр мерекесіне орайластыра өткізілген ат жарысында біз дайындаған жылқылар бәйгенің басында болды. Ат жаратып, аударыспақ ойнау бала күнімізден бері келе жатқан шаруа ғой. Алдағы уақытта да бұл ісімізді жалғастыра береміз, – деп ойымен бөлісті Мұрат Әділханұлы.
«Дәулет» шаруа қожалығының тағы бір көздегені – жылқы шаруашылығын ілгерілету. Осы мақсатта Мырзағали мен Мұрат Тұрмағамбетовтер 2018 жылдан бері асылдандыру жұмыстарын қолға алды. Қазір Қостанай жылқыларымен қатар, ағылшын тұқымды бәйге аттарын бағып отыр.
– Бір жылдары Қостанай жылқысының жоғалып кетуі мүмкін екені айтылды. Қаңқу сөз болса да, мұндайға жол бермеуіміз керек. Біздің шаруашылықта қазір тазақанды Қостанай айғыры бар. Жалпы Қостанай жылқысының айғырынан туған құлын ірі әрі мініске, жегуге көнбіс келеді. Құлынын енесінен 6-7 айлығында бөлектеп, 1,5 жасынан бастап мініске үйретуге, 2-4 жасында бәйгеге қосуға болады. Дала жұмыстарынан қолымыз босаған уақытта, негізгі хоббиіміз – жылқы жайын да ұмытпаймыз. Аудандық ат бәйгелеріне, көкпар ойындарына демеушілік жасап, ұлттық өнерімізді ұлықтай беруге дайынбыз, – дейді Мұрат Тұрмағамбетов.
Расында, аталмыш қожалық жылқы шаруашылығын да мықтап қолға алған. Қазір заманауи құрылғылардың көмегімен бие сауынын жеңілдетіп отыр.
– Қарасу ауылындағы Жандос Сейдағалиев есімді інімізбен бірігіп, қымыз өндірісін бастадық. Кәсіп жасайық деген жастың бастамасын қолдап жібердік. Арнайы құрылғылар, күбілер сатып алып, шаруамызды бастап кеттік. Күніне 60-70 литр қымыз алып отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Мал баққанға бітеді.Еселенер ісін тауып, төскейін түлікке толтырғандардың несібесі зор болмақ. «Сыбаға» бағдарламасы негізінде соңғы жылдары Амангелді ауданында төрт түлік мал басы молайып, олардан алынатын өнім көлемі көбейтіліп қана қоймай, оны өңдеудің бір жолға қойылғанын көрдік. Тиімділігі жоғары жобаны өз кәсібін дамыту жолында пайдалану кез келген жанға таптырмас мүмкіндік. Әсіресе етті мал шаруашылығын дамыту, мал басының үлесін арттыру және одан алынатын өнімдерді экспортқа шығару арқылы ішкі сұранысты қамтамасыз етуге болады. Бұл сөзді істің жөнін білетін ағайынды Тұрмағамбетовтер де қостап отыр.Қазір тегеурінді техникасы бар, атырабы астықты, жайылымы шүйгін шаруа болуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Тек соны дұрыс игере білу, жұмыстың көзін таба білу – сіздің қолыңызда.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ