Жағдайлары ауыр. Үш бала ауруханаға түсті
Белгісіз жағдайда ауыр жарақат алған үш баланың ауруханаға жеткізігені туралы ақпарат әлеуметтік желіде жария болды. Қазір еріктілер облыс тұрғындарынан науқас балалар үшін қан тапсыруды сұрап жатыр.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Федоров ауданында жедел жәрдем бригадасының үш баланы ауруханаға жеткізгені туралы айтты.
«Үшеуі де бас-ми жарақатын алған. 12 және 4 жастағы екі бала облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Олар жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр. Ал 9 жасар жеткіншекке аудандық ауруханада ота жасалған. Ол да санавиация арқылы облыстық балалар ауруханасына жеткізілмек», – дейді басқарманың баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Ал облыстық Полиция департаменті әзірге бұл жағдай туралы кең көлемді ақпарат ұсынған жоқ.
«Жол апаты дерегі бойынша ҚР ҚК 345-бабының 2-тармағына сәйкес (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», – деп жауап берді ПД баспасөз қызметіндегілер
Полицейлер жол апатының қайда, қашан болғаны, балалардың қалай зардап шеккені туралы мәлімет бермеді.