Коттедж өртеніп, екі адам көз жұмды
Бүгін, 6 маусымда түн жарымында болған алапат өрт екі адамның өмірін жалмады. Тағы төрт адам жапа шеккен. Төтенше жағдай Абай-Лермонтов көшелерінің қиылысында орналасқан екі қабатты коттеджде болды.
Куәгерлердің Instagram желісіне жариялаған видеосынан алапат өрттің қаншалықты екпінді болғанын көруге болады. Осы жағдай туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлімет берді.
«Дабыл түнгі сағат 00:04-те келіп түсті. Кезекші бөлімге көршілері хабарлаған. Өрт сөндірушілер келіп жеткенде жалын 250 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген. Тілсіз жаумен күрес сағат 02:26-ға дейін жалғасты. Өкінішке қарай, оқиға орнынан 1972 және 1984 жылы туған екі ер адамның мәйіті табылды. Қазір болған оқиғаны өрт сөндіру зертханасының мамандары зерттеп жатыр», – дейді баспасөз қызметіндегілер.
Мұнымен қоса, денелерін 1-деңгейлі күйік шалған төрт адамға сол мекенжайға шақыртылған жедел жәрдем қызметкерлері медициналық көмек көрсеткен. Олардың қазіргі жағдайы жақсы.
Қазір өрттің шығу себептері анықталу үстінде.
Суреттер: облыстық ТЖД баспасөз қызметі