Рудныйда бала зорлаған педагог 23 жылға сотталды
Қостанай облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Рудный балалар үйінің педагогына қатысты үкім шығарды. Ол кәмелетке толмаған жеткіншекті зорлады деп айыпталған еді. Енді мұғалім 23 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Экспресс К.
44 жастағы күдікті Т. ҚР ҚК-нің 120-шы (Зорлау) және 121-баптары (Нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеті) бойынша айыпталған еді. Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, үкім шығару отырысында сотталушының 2019 жылдың мамыр айы мен 2021 жылдың тамызы аралығында арам пиғылын жүзеге асырып келгені айтылған.
"Қылмыстық құқықбұзушылықтардың барлығын есепке ала келіп, сот оны 23 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, оған өмір бойына педагогикалық мамандықта және кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеуге қатысты салаларда қызмет етуге тыйым салынды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің максималды қауіпсіздігі бар мекемесінде жазасын өтейді", — дейді баспасөз қызметіндегілер.
Ал сотталушы кінәсін жартылай мойындаған. Тек 2021 жылдың тамыз айында өзара келісіммен бір рет қана төсек қатынасы болғанын алға тартыпты. Бірақ сот істі қарай келіп, оның барлық кінәсінің дәлелденгені туралы қорытындыға келген.
Сондай-ақ, жәбірленуші тараптың моральдық өтем ретінде 1 миллион теңге өндіріп алу талабы да қанағаттандырылды.