Ертісбаев: «Қазақстанға жүздеген машина жасау зауыттары қажет»
Қостанай облысына Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев іссапармен келді. Ол облыс орталығындағы жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан машина жасау зауыттарында болып, өнеркәсіп ұжымдарымен кездесті.

Аталған партияның басшысы Қостанайдағы машина зауыттарына барып, олардың тіршілік-тынысымен, қызу жұмысымен танысты. Цехтарды аралап, өндіріс процестерін өз көзімен көрді. Жұмысшылар еңбегіне жоғары баға беріп, жылы лебіз, жігерлі сөзін арнады. Оның айтуынша, жоғары білікті жұмыс орындары бар мұндай кәсіпорындар әр облыста, әр өңірде болуы тиіс.






Сондай-ақ, ол алдағы референдум тілге тиек етіп, зауыт жұмысшыларына ата заңға енгізілетін түзетулер туралы түсінік бере өтті. Ұжымдарды осы мемлекеттік маңызы бар тарихи іс-шараға үлес қосуға шақырды.
«5 маусымда елімізде айтулы оқиға – рефендум болады. Мемлекет басшысы Конституцияға елеулі түзетулер енгізіп жатыр. Мен жұмысшы табының да осы науқанға белсенді қатысқанын қалаймын», – деді ҚХП басшысы.

Сонымен қатар, Ермұхамет Ертісбаев еңбек ұжымдарымен сұхбат барысында көлік құрастыруға қатысты толассыз айтылып жүрген сынға қарамастан, зауыт жұмысшылары өз ісінің патриоты болып қалып, арандатушылыққа бой алдырмағанын баса айтты.
«Соңғы айларда сіздердің жұмыстарыңызға шүбәмен қараушылар тарапынан көптеген шабуылдар болғанын білемін. «Сендер мұнда дөңгелек болтын бұраудан басқа ештеңе бітірмейсіңдер» деп жала жауып, күйе жақты. Саналы, білімді адамға мұндай арзан сынды жүрекке жақын қабылдаудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желілерде өтірік сөзді желдей естіріп, оның жаппай тарату – әлдебіреудің пайдасы үшін жасалатын амалдар екенін ақылы бар адамдар жақсы түсінеді. Диван батырларының «құндылығы» қызыл сөз ғана», – деді Ертісбаев.

Өңірге сапары барысында ҚХП өкілдері Қостанай автомобиль көлігі колледжіне де барып, техникалық зертханалармен және оқу үдерісімен танысты. Мұнда машина жасауды дамыту жобасы аясында 2021 жылы жаңа жабдықтар сатып алынған. Сондай-ақ, жергілікті машина жасау кәсіпорындарының арқасында оқу орнында жаңа зертханалар мен жатақханалар пайда болды.
«Болашақта Қазақстан Халық партиясы автожол көлігі колледжінен институт, тіпті автожол университетін құруды жоспарлап отыр. Біз мықты кадрларды дайындауымыз керек!» – деп түйіндеді Е.Ертісбаев.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков