Сабақтастық салтанаты

Ауқымды іс-шара шымылдығын «Айсұлтан» өнер орталығының шәкірттері «Балбырауын» күйімен түрді.
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Әзімжанова мен Ыбырай ізін жалғастырушы ғалым, философия ғылымдарының кандидаты Қалқаман Жақып сөз алып, Халықаралық музей күнімен құттықтады.
«Сіздерді Халықаралық музей күнімен құттықтаймын. Ыбырай Алтынсарин музейінде өтіп жатқан «Музей түні» акциясының мән-маңызы зор. Жас ұрпаққа тағылымы мол өнегелі дүниелер көрсетіліп жатыр. Өткен жылы Ыбырай бабамыздың 180 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы келе жатыр. Ұлы тұлғаларымыз дәріптеле берсін. Музейдің бір қызметі – тұлғалар мұрасын көпшілікке таныту. Сол жолда еңбектеріңізге табыс тілеймін», – деді мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Әзімжанова.


Киіз үйдің бір шетінде ауыл тіршілігі бедерленіп, қазанға бауырсақ пісіріліп жатты. Қонақтар астан дәм татты. Екінші жағында асық ату, садақ ату, арқан тартыс сынды ұлттық ойындар ойнатылды.
Қала тұрғыны Биғанша әжеміз жастарға күбіде көженің дайындалу әдісін көрсетіп, келушілерге сусыннан дәм татырды.

Музей ішінде қаламыздағы құрылыс колледжінің студенттері мен №28 мектеп-гимназияның оқушыларының қолынан шыққан туындылар көпшілікті бейжай қалдырмады. Одан кейін қаламыздағы Қостанай тұрмыстық қызмет көрсету колледжінің студенттері «Халықтар достығы» топтамасымен сән үлгісін ұсынды.

Қаламыздағы №9 Ғ.Қайырбеков пен №20 М.Хакімжанова атындағы білім ошақтарының оқушылары «Дала қоңырауы» поэмасы мен «Мәншүк» поэмасынан көрініс ұсынды. Қостанай қаласының №22 орта мектептің оқушылары арасында «Жеті қазына» интеллектуалдық ойын ойнатылды. Қолөнер шебері Мұхаметқали Рахалиевтің шеберлік сағаты өтті.

«Іс-шарамызға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келді. Бұл ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін керек іс-шара. Екі жыл үзілістен кейін тамаша бастама қайта жалғасын тапқанына қуаныштымыз», – дейді музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Салтанат Өтелбаева.
Мерекелік акция «Жыр жалауы – Ыбырай» атты поэзия кешімен қорытыланды.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық
мемориалдық музейінің
ғылыми-ағартуды қамтамасыз ету
бөлімінің сектор меңгерушісі.