Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін
Мамырда соғысқа қатысқан аталарымыздың ерлігін еске алып, құран бағыштаймыз. Кейінгі ұрпағына өсеиет етіп, атасының қандай болғанын да айтып жеткіземіз. Бұл біздің парызымыз. Ұрпақтар сабақтастығы.
Менің де атам Әбділда Рахманов соғысқа 1941 жылы аттанған. Атам деймін-ау, ешқашан көрмеген адамды мен ата деймін. Себебі қан тартады екен. Мен түгелі менің әкемнің де ол кісі есінде қалмаған шығар. Атамыз соғыс даласына кеткенде папам бар жоғы үш жаста ғана болыпты. Алдында екі ағасы, қарындасы қырқынынан шықпаған нәресте екен.
«Менің шешем – Сапыжан әкемнен 1942 жылдың 27 қыркүйегінде «ұрыста қаза болды» деген қара қағаз келсе де, үмітін үзбеді. Соғыс аяқталып, соғысқа кеткендерден аман қалғандар елге келе бастады. Солардың бірі әкеммен бірге соғысқа кеткен ағасы Әбілтай әкеміз аман сау үйге келді. Осыдан кейін апамның үміті үзіліп, қайғы-уайым басты. Колхоздың ауыр жұмысы, балаларымды қалай жеткіземін деген уайым бәрі-бәрі анамды тұралатып тастады. Қарайтын, күтетін үйде адам жоқ. Амалсыздан інім мен қарындасымды алып, төркіні, нағашым Әлмұқанның қолына барды. Маған шешем: «Сен Әбілтай әкеңнің үйінде бол, сабағыңды жақсы оқы» деп ақылын айтып, шығарып салды. Иә, соғыс салған зобалаңның ылаңынан біздің жанұямыз тоз-тоз болды. Анам сол жатқаннан айықпады. Ақыры 1950 жылы мамыр айында о дүниелік болып кете барды. Артында қалған біз бесеуміз әкемнің ініс Жұмабек көкемнің арқасында ержеттік, оқыдық, білім алдық, қызмет істедік» дейді әкем Көкенәки Әбділдин.
Бұрындары Жеңіс мерекесінде анам жеті шелпек пісіріп, үйде құран оқылатын. Себебі менің атам соғыс даласынан оралмаған. Тіптен хабарсыз кеткен. Қазір ақпарат саласы дамып, жоғымыз түгенделе бастағанда атамыз туралы біз білмеген тың деректер таптық. Қазір интернет арқылы бәрін табуға болады. Онда: «Рахманов Абдильда –.–.1906 Кустанайская обл., Амангельдинский р-н, п. Илтай Тургайской РВК, Қазахская ССР, Кустанайская обл., Тургайский р-н 60 Арм. 517 ДПАБ красноареец умер от ран 20.02.1944» деп жазылыпты. Тіпті, осы деректер жазылған сарғайған қағаздың көшірмесі де салынған. Осының бәрін көргенде жасы сексенге келген әкем көзіне жас алып, үнсіз қалды. «Еее, әкем Украина жерінде жерленген екен…» деді.
Әкем тіл маманы болғандықтан басылымдарға түрлі мақалалар жазып тұрады. Қазір жасы сексеннен асты. Қалам ұстап, көп жаза алмаймын дейтіні бар. Осы бір ақпарат қолға тигелі әкем өз әкесі туралы естелік те жазды. Ол біздің газетке де басылып шықты. Хатты басып отырып, баланың әкеге деген зор сағынышын сездім. «Соғыс болған жерде әскери міндетімді өтеп, қаһарман Брест қаласын көзіммен көріп, кірпішін қолыммен ұстадым. Осындай қырғын соғыстың ішінде менің әкем де опат болып, қай топырақтың астында қалды екен?! деп іштей егілдім. Артында қалған тұяқтың бәрі жетіліп, әрқайсысы жеке үй болған ұрпақтан тараған немере, шөбере, шөпшектер жетіліп, ұлы бабам Әбділда деп айтып жүрсе, кейбірі Әбділдин деген текті мақтанышпен жазып жүр. Болмасын соғыс болмасын!» деген ішкі күйзелісін көру маған ауыр еді. Себебі біздер шүкір, бейбіт заманда өсіп, жетілдік. Әкенің мойына асылып, еркелеп еш алаңсыз болдық. Ал папамның соғыстың зардабынан жетімдіктің дәмін татып, әкені аңсап өскені жаныма батты.
Әкем бүгінде сексеннен асты. Рақпан әуелітінің үлкен де өзі. Шүкір, қаулап өсіп жетіліп келе жатқан қалың ұрпақ бар. Осы ұрпағы атамыздың туған жері Аманкелді ауданы, Үрпек ауылында бас қосып, ауыл зиратындағы әулет қорымына Әбділда Рахманов атамызға көктас белгі қойды. Өзінің анасы мен жұбайы Сапыжан әжеміздің қасына белгі орнатылды. Ас беріп, құран бағыштады. Кейінгі ұрпақ елі үшін жанын қиған атадан тарағанын білгені жөн.
Майдангер атамыздың жат елде жатқаны жанға батады, әрине. Ол жақтағы ахуал жерленген жеріне барып, құран бағыштап туған жердің бір уыс топырағын салуға мұрша бермей тұр. Бірақ ел аяғы кеңіп, тыныштық орнаған соң артындағы ұрпағы іздеп барары сөзсіз. Бастысы бейбіт күннің қадірін білейік. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін. Азаматтар елден жырақта шейіт болмасын. Аналар жылап, бала жетім қалмаса екен.
Айтолқын Әбділда,
майдангердің немересі.