Би әлемінің биігі

Өңірімізге танымал «Алтынай» халықтық-үлгілі би ансамблінің  жылдық қорытынды концерті өтті. Қостанай облысының ғана емес, Қазақстанның абыройын асқақтатқан ұжым халықаралық, республикалық өнер додаларында топ жарып келеді. 5 пен 18 жас аралығындағы мың бұралған қыздар тобы еліміздің Көкшетау, Алматы және Ресейдің Сочи қалаларында өткен өнер бәсекелерінде бәйге бермей, жеңіспен оралып жүр. Жақында ғана өткен «Fantastic talent» халықаралық шығармашылық байқауында «Алтынайдың» арулары 5 бас жүлде, 1 бірінші орын жеңіп алды.
Биыл хореографиялық ансамбльдің құрылғанына 19 жыл толып отыр. Алғаш өнерге қадам басқан жылдары ұжымда 15 бала ғана болды, қазір олардың саны 200-ден асып жығылады. Аз жыл ішінде шыққан биігі тамсантпай қоймайды. Қазіргі таңда репертуарында 50-ден астам билер мен би қойылымдары бар. Ал бүгінгі күні қол жеткізген биіктеріне ансамбль жетекшісі Салтанат Нұрымованың еңбегі зор.
-Би өнерінің өзгелерге ұқсамайтындығы – әрбір сахналық  қойылым тұтас бір композиция, сюжеттерден құрылады. Әрбір қимыл-қозғалыстың астарында үлкен мән, айтар ой бар. Сахнада қойылған  3-5  минуттық биді дайындауға жарты жылдай уақыт жұмсалады. Сондықтан, би өнері шыдамдылық пен көп еңбектенуді қажет етеді, – дейді Салтанат Ибраевна.
Жиырма жылға қадам басқан ұжым көптеген нөмірлерден тұратын кең және алуан түрлі репертуар жинады. Онда әлем халықтарының билері, сюжеттік және ойын қойылымдары бар. Есеп беру концертінде түрлі жанрда, әлемнің түрлі халықтарының билері биленді. Өнер ұжымының негізін қалаушы Салтанат Нұрымовадан өзге жаттықтырушы-педагогтер Дина Бейісова, Әсем Айтбаевалар да бар. 
«Алтынай» би ансамблі ұзақ жылдар бойы Қостанай педагогикалық колледжінің хореография кафедрасымен тығыз байланыста. Студенттер өздерінің педагогикалық тәжірибеден өтеді және өздері аға топта оқиды, олармен оқытушы-репетитор Әсем Айтбаева айналысады.
-«Алтынай» би  ансамблінің өнердегі ерекшелігі – олардың халық билеріне үлкен мән беруі. Әсіресе, қазақ халық биінің дамуына үлкен көңіл бөледі. Бүлдіршін қыздарымыз 5 жасынан бастап пластикалық ырғақтарға емес, қазақи тәрбие мен эстетикаға үйренеді, – дейді ата-аналар.
Бірінші бөлімде қазақ билері көрсетілді, екінші бөлімде кішкентай бишілердің өнерін тамашалады, үшінші бөлімде «Қазіргі» және «халықтық» билер болып бөлінді. «Бүлдіршіндер», «Ритмы Кавказа», «Тентек қыз», «Үкілім-ай», «Веселая разминка», «Зонтики», «Вкусняшки», «Моряки» сынды жиырмадан астам өнерлерін көрсетті.
 
Сондай-ақ, осы жолы би ұжымынан А.Ғазиз, А.Ахметжанова, С.Шодоровалар қанат қақты. Оларды есеп беру концертінде салтанатты түрде шығарып салды. Айша, Алина мен Сымбаттарды осыдан 11 жыл бұрын ата-аналары би әлеміне  жетектеп  алып келген еді. Салтанат Нұрымова түлектерді қимастықпен шығарып салды.
Екі сағаттың аясында сұлулық пен шеберлік қатар үйлескен тартымды кеш көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓