Бұл айтыс бұрынғыдан өзгерек…
Біздің өңірімізде анасы мен ұлының, туған ағайындылардың, тіпті, күйеуі мен әйелінің айтысқаны бұрын-соңды болған емес. Бәрін тоғыстырып келгенде, бұл – жанұялық жыр додасы. Ыбырай баба елінде облыстық көркемөнерпаздар мен халық шығармашылығы, кинобейнеқор орталығының және Алтынсарин аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен халықаралық отбасы күніне арналған «Отбасы – берекенің қайнар бұлағы» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Облыстық дегеннен гөрі республикалық деңгейде десе болады. Өйткені, осы сөз сайыста елордадан келген жұп бар. Ал бұл республика бойынша Жүрсін Ерман ұйымдастырған отбасылық айтыстан кейін екінші рет ұйымдастырылып отырған сөз аламаны екенін айта кетейік.
Шоқтығы биік айтыс өнерінде қарсыласың әкең бе, анаң ба, атаң ба – қарамайсың! Үлкен кішіні, кіші үлкенді «аямайтын» сәт. Әлқисса жоба өте сәтті шықты деп ауыз толтырып айта аламыз. Оған қазылар алқасының төрағасы – Айтыстың ақтаңгері, «Арқалықтың аждаһасы» Айбек Қалиев, қазылар алқасының мүшелері – әріптесіміз Айтолқын Айқадамова мен осы жолдардың авторы куәгер болып келіп отырмыз. Алтынсарин ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Сарин жыр майданына түскелі отырған өнерпаздарға құтты болсын айтып, сәттілік тіледі.
Алғаш сахнаға ағалы-інілі Мамай мен Балтасар Ізтілеуовтер шықты.
Ту баста Балтасар сөзді алғаш болып бастап жатқанда, ағасына қарсы қандай «қару» қолданар екен деп отырғанбыз. Сөйтсек, Балтекең ағасына:
«Сен өзің Ізтілеуов Мамайсың ба,
Қырықты алқымдаған ағайсың ба?
Отызды алқымдаған біздерменен
Айтысып-тартысуды қалайсың ба?!», –
деп түйреп өткенін қайтесің! Ағасы екеуінің араға мүшел салып жылан жылы туғанын айтқан кіші Ізтілеуов «у ғана қайтарады удың басын» деп шүйлігіп алды. Амангелдіден кетіп қалғанын бетіне «салық» қылғанын білдірген Балтасар: «Туған жерге қадамай өз туыңды, туысқанның елінде неғып жүрсің?» дейді тағы да ағасына. Ал сақа Мамай сөзден жығылсын ба? «Осы елде өсіп-өніп қызмет еттім, Бейімбеттің есімін алып бердім» деп ұтымды тойтарып отыр. Айтпақшы, ағалы-інілі Ізтілеуовтер саясат, елдің жағдайын айтпай кеткен жоқ. Әсіресе, кешегі желтоқсан көтерілісі мен биылғы қаңтар қырғынын да орайын келтіріп сөз етті. Әр кезек сайын әр алуан мақамға салған бауырлардың сөз қағысына ел де, біз де разы болдық.
Сахнаға баба өнерімізде өзіндік қолтаңбасы бар ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаева мен оның ұлы – республикалық, облыстық ақындар айтысы мен жыр-терме байқауларының жүлдегері Нұрсұлтан Қасым шықты. Салтанат жақында тұла бойы тұңғышы Нұрсұлтаннан немере көріп отыр. Сол себепті, ақын ұл анасына «әже болдың, немереңді бағып отырмай, айтысқа шыққаның жарамады» деген кейіпте әдемі әзіл айтып жатыр. Фариза есімді сәби қырқынан енді ғана шыққан екен әрі нағашыларының елі – Алтынсарин жеріне келіп отырған бөбекке сол арада ел ақсақалы Жандарбек қажы Кәрбенов ақ батасын берді, айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев аузына түкіріп ырымын жасады. Тәлім-тәрбиеге толы толғауын айтқан Салтанат ұлына Абай атамыздың кітабын тарту етті.
Әр заманның өз Қиясбайы бар емес пе. Үшінші жұп болып шыққан алтынсариндік Серік пен Әбдірахман Алпысовтардың сөз жарысы көрерменді қыран-топан күлкіге қарық қылды. Ән әлемінде өзіндік өрнек құрып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы Серіктің ақындық өнері де ерекше. Ал оның туған інісі, жыршы-термеші Әбдірахман да қара жаяу емес – талай байқаулардың жеңімпаз-жүлдегері. «Торғайдың топжарғаны» атанған Нұрхан жыраудың сарқытын ішкен әкелері Нағашыбай Алпысовты кім білмейді? Серіктің:
«…Әкемізден жыршылық өнер дарып,
Апамнан сұлулықты ап қалғанбыз…
Ыбырай мектеп ашқан жерден келіп,
«Екінші Торғай» ашып жатқан жанбыз», – деуі де бекер емес.
Айтпақшы, Әбдірахман – ағасы Серіктің сыныптасына үйленген «күйеу бала» болып шықты. Ал Ыбырай еліне қызметке келген жас ақындар Серіктің үйінде тұрақтап, осы шаңырақта жүріп үйленіп кетіп жатады екен. «Ақындарды үйіңе жинап жүріп, өзің де ақын болып кетіпсің ғой» деген Әбдірахманның сөзінің жаны бар.
Төрт жұптың ішіндегі ең тартымды, «тартысты», тәрбие мен өнегеге толы болғаны – ерлі-зайыпты Тоба Өтепбаев пен Жібек Шахмарданқызының жыр додасы. Өткен жылы ғана шаңырақ көтерген жас жұбайлар астанадан келіп отыр. Тегі торғайлық Тоба – елімізге кең танылған өлең сөздің дүлдүлі. Сыр елінің қызы Жібек те талай аламанда қамшы салдырмаған жүйрік. «Не бел кетеді, не белдеме кетеді» әлқиссасымен бастаған Тоба ақынның «үйде де сахнадағыдай сыпай болсаң ғой» деген «шабуылына» жан жары «отбасында алқын-жұлқын өзіңді де танымай отырмын, өте салмақты бола қалыпсың» сыңайлы жауабына бір жырғап қалдық. Тобаның «Ұмыттым қазы-қарта, соғымды да, Ақжібек пен ақ күріштің арқасында» дегені бері тұрсын, «Бір шоколадпен сені өзіме қаратып алдым» дегеніне келіннің жауабы қандай ғибратты болды десеңізші: «Басқалар секілді 101 раушан гүлі мен бриллиант сұрап сені тізерлеткен жоқпын. Бүгін мен ерімді тізерлетсем, ертең келінім ұлымды еңбектететін күн тумасына кім кепіл!». Қандай мағынасы зор ауыр сөз!
Соңғы жұптың айтысы кезінде тағы бір қызық болды. Тоба келіншегін «алғаш рет Алтынсары жеріне келдің, шай құяр рәсімін жаса» деп отырып алды. Домбырасын қоя салып, шәйнек пен кеселерді қолына алған Жібек залда отырған ел ақсақалдары мен әжелерге ежелден келе жатқан ғұрыпты көрсетіп, үлкендердің ақ батасын алды. Сахнаға қайта көтеріліп, күйеуіне де шәй құйып берген келініміздің күйеуіне қаратып «сахнада отырып айтыссақ та, өмірде айтысқаннан сақта құдай!» дегені осы сөз тартысының ұтымды түйіні болғаны рас.
Әрине, үздік жұпты таңдау қазыларға қиын болған жоқ – 200 мың теңгенің жүлдесі Тоба мен Жібектің отбасына табысталды. Қалған қатысушылар 50 мың теңгеден сыйақыға ие болды. Ал осы жобаның авторы Серікболсын Әбдікенге облыстық көркемөнерпаздар мен халық шығармашылығы, кинобейнеқор орталығының басшысы Дәмір Қалқаев грамота тапсырды.
Айбек Қалиев сөз соңында ғибратқа толы осы идея телевизиялық жобаға айналса деген ұсынысын жеткізді. Мәселен, жеңге мен қайны, жезде мен балдыз, нағашы мен жиен, құда мен құда немесе құдағи арасында ұтқыр шумақ, жарасымды әзіл болып жатса, несі айып?
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ