Биыл облыстық «Қостанай таңы» газетіне 100 жыл. Қарт басылымның ғасырлық мерейтойы аясында редакция көптеген ізгі іске ұйытқы болмақ. Солардың бірі – көшет егу. Ұжым Қостанай қаласын көгертуге үлес қосты.

Ұжым басшысы бұл іс-шара өзгелерге де өнеге болып, сүйікті қаламызды көркейтуге барлығы бір кісідей атсалысса деген тілегін айтты.

«Қазір жерді аялау, оны қорғау өзекті мәселеге айналып отыр. Біз, шыны керек, өз үйіміздің маңайынан арғыны көзіміз көрмейтін болды. Қаламыз сыртынан әдемі көрінгенімен, ішін аралап жүрсеңіз, тозған жерлер, қараусыз қалған гүлзарлар, қоқыс жиналған орындар көзге шалынады. Қолымыздан келетін іске кержалқаулықпен, керенаулықпен қараймыз. Өзіміз мекен ететін ортақ үйімізді көктетіп, көркейтуді әдетке айналдырсақ, қандай тамаша болар еді», – деген пікір айтты Ж.Аязбеков.
Редакция ұжымы гүлзарға пирамидалы терек шыбықтарын отырғызды. Бұл ағаштың бір ерекшелігі – кәдімгі теректер секілді ұлпа бөлмейді. «Қостанай таңы» газетінің қызметкерлері дәл осындай ағаш тұқымын отырғызуды келесі жылы да жалғастырып, оны қамқорлыққа алып, баптап-күтпек.
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев