Мектеп мұғалімін зорламақ болған
Осы дерек бойынша сот талқылауы басталды. Жәбірленуші әзірге аты-жөнін және оқиға болған ауданды жарияламауды сұрады, деп хабарлайды Экспресс К.
Облыстағы ауылдардың бірінде жасы 50-ден асқан бастауыш сынып мұғаліміне 22 жастағы күдікті шабуыл жасаған.
«Бұл жағдай жаңа жыл мерекесі кезінде, түн мезгілінде болған. Жәбірленушінің айтуынша, бұрын істі болған ер адам оның үйіне баса-көктеп кіріп, соққыға жығып, қылқындырып, зорламақ болыпты. Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 149, 107, 120 баптары бойынша айып тағылды», – деді облыстық соттың баспасөз қызметіндегілер.
Педагог сот отырысында осы оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді. Оның эмоцияға қатты беріліп, өз-өзін ұстай алмай қалуына байланысты арнайы үзіліс те жарияланған.
Жас жігіт кінәсін мойындамады. Ал жапа шегуші қылмыскерден әрең сытылып шыққанын айтып отыр.
Істі қарау 12 мамырға шегерілді.