​”Бізге керегі – жол!”

Редакциямызға Науырзым ауданының тұрғыны Дінмұхмбет Асипов деген азамат келді. Жай емес, шағым айта келген екен. Айтар мәселесі – жолдың "жыры". Өзі Шилі ауылының тұрғыны. Осы ауылда көптен бері тұрады. Елдің мұңы мен жай-күйін жақсы біледі. Ауылдықтарды қыста да, жазда да қинайтыны – жолдың жайсыздығы. Неше жылдан бері бұл мәселе айтылып, та жазылып та келеді. Бірақ еш нәтиже жоқ. Биылғы қыс қатты, қары мол болғандықтан, жолдың азабы тіптен ушығып кетті. Бірақ бұл – жылда қайталанатын мәселе. Айналдырған 11 шақырымға жету мұң. Қалаға барып келу үшін апталап жүру керек. Осы жолдың азабын тартпас үшін ауылға жас мамандар да келмейтін көрінеді. Ал ауыл жайлы айтар болсақ, жайылымы кең, мал ұстауға қолайлы. Әттең, осы жолдың азабы қинайды.
"Шилі ауылы Әулиекөл-Жалдама тас жолы бойынан 11 шақырым жерде жатыр. Бар болғаны 11 шақырым. Бірақ сол 11 шақырымның жыры титықтатып бітті. Жол қыста тарс жабылады. Не әрі, не бері жете алмай қиналамыз. Айлап жол аршылмай, не дәріге, не азық-түлікке жарымаймыз. Біреу ауыра қалған жағдайда науқасты сүйреп зорға шығамыз. Балалар ауырғанда жанымызды шүберекке түйіп, бір құдайдан көмек сұрап, зыр жүгіреміз. Жыл сайын жолды аршуға қатысты тендер жарияланады. Бірақ сол тендерді айдаладағы біреу жеңіп алады да, жыл бойы не ол адамды көрмейміз, не аршылған жол жоқ. Сонда қаншама ақша не үшін жұмсалатыны белгісіз. Бір күні жолдың кесірі біреуге тие ме деп те қорқамын. Жылдар бойы шыдап келеміз. Аудан басшылығы бұл мәселені білмейді емес, жақсы біледі. Бірақ әне дейді, міне дейді, сонымен не аудан әкімі ауысады, не болмаса жаз шығып қайта қыс болады. Солай қыс пен жаз алмасып, сол "әнімізге" қайта басамыз. Осы жолы да Мереке ауылының тұрғыны тендерді ұтып алды деп естідік. Бірақ баяғы жартас – сол жартас. Не істеуге болады? Амалым құрып, ақырында сіздерге келдім. Облыс әкімі А.Мұхамбетовке де хат жаздық… Біздің ауылдың маңайында бірнеше бұлақ көзі бар. Санап отырсақ 40 бұлақ ағып жатыр екен. Соған қарамастан, қаншама қаржы шығарып, ауылға су тарату пункті орнатылды. Бірақ ауылдықтарға керегі су емес, бізге керегі жол. Қыс болса қар басып, жаз болса батпағы бетіне шығып, езіліп жатқаны. Көліктер жазда батпаққа батып, қыста қарға көміліп, "шықпа, жаным, шықпамен" өтіп жатқан өмір. Елдің жағдайы қашан жақсарар екен? – деп ауылдың мұңын айтты Д.Асипов.
Биыл қыс қаһарлы болды. Жолдарды қар басып, аршып үлгере де алмай, адамдар жолда қалып жатты. Жол азабы халықты титықтатқаны белгілі.  Мұндай мәселе Шилі ауылында ғана емес, бірнеше елді мекенде бар екені белгілі. Облыс әкімі қазіргі уақытта аудан-ауданды аралап, халық үніне құлақ асып, кездесу өткізіп жатыр. Елдің мұңына наза аударып, бұл мәселе шешімін табады деп сенеміз. 
     
 "Жоспарда бәрі бар"
Осы мәселеге Науырзым аудандық әкімідігі де жауап жолдады.
"Шилі ауылының жол мәселесі жылдар бойы айтылып келе жатқаны рас. Сонда да Науырзым ауданы көлемінде жол мәселесі қаралмайды деп айтуға болмайды. Аудандық маңызы бар жолдардың жалпы қашықтығы – 149 шақырым. Оның ішінде соңғы үш-төрт жылда 39 шақырымы орташа жөнделді. Осы жылға Дәмді мен Қожа ауылдарының кіреберіс жолдарын қалпына келтіруге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, қазіргі таңда техникалық сараптау жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауылдарға жол жөндеу жұмыстары 2023 жылға жоспарланған.
Ал енді негізгі мәселе – Шилі ауылы жайлы айтар болсақ, бұл 11 шақырым жолда қатты төсеніш (асфальт) болмағандықтан, орташа жөндеу жүргізуді, яғни қатты төсеніш салуды талап етеді. Осы жылы жергілікті бюджет қаражатына жобалық-сметалық құжаттар дайындап, техникалық сараптамадан өткізіп, толықтай құжаттарды әзірлеу жоспарлануда. Аталған жолды «Аманат» париясының Жол картасында 2024 жөндеу жоспарланған.
Қысқы жол тазарту мәселесіне келер болсақ, Шилі ауылының 11 шақырым жолын қыс мезгілінде қатынасын қамтамасыз етуге аудан бюджетінен 1 112 384 тенге қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу заңына байланысты, аталған жолда қыс мезгілінде қатынасты қамтамасыз ету үшін  ашық конкурс жарияланады, оған кез келген кәсіпкер заң бойынша қойылған талаптарға сәйкес келсе, қатысып, тендерді ұтып алуға құқығы бар. Бұл конкурс электронды түрде өтетіндіктен, қатысам деген адамдарға ешқандай кедергі болмайды. Бірақ, Шилі ауылында жол аршуға жарамды техниканың болмауына байланысты, ауыл кәсіпкерлерінен өтініш түскен жоқ.
Ауыз су мәселесі бойынша қысқаша мәлімет бере кетейік. 2022-2023 жылдары су тарату пунктін Шилі ауылына орнату жоспарда бар. Мемлекет басшысының тапсырмасында елді мекендерді 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттігі ашық та айқын тапсырылған. Сол себепті бұлақ көздерінің бар болуына қарамастан, олардың толықтай ауыз суға жарамды екеніне күмән келтірмес үшін су тарату пункіттерін қоюды жоспарлап отырмыз», – деген жауап хат алдық әкімдіктен.  
Не дейміз, дәл қазір ештеңе орындалмаса да, әйтеуір жоспарда бар. Оған да шүкіршілі етіп, күтуге тура келеді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓