Қара жамылған отбасыға жаңа үй берілді
«Қазақстан халқына» қоры өрт кезінде үш баласы қаза болған отбасыға үй алып берді. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.
Қайғылы оқиға 31 наурызда Амангелді ауданында болған еді. Өрт ішінде 2016, 2019 және 2020 жылғы балалар қалып қойып, қаза тапқан болатын.
Көп балалы отбасы тұрған үйге өрт салдарынан қатты нұқсан келген. Отбасы аман қалған жалғыз баласымен осы кезге дейін туыстарының үйін паналап жүрді.
Жергілікті әкімдік өкілдері осы отбасыға жаңа баспана алып беруді сұрап, қорға жүгінген. Қор басқармасы зардап шегуші жанұяға көмек көрсетуге шешім қабылдап, үй сатып алуға 10 млн теңге қаржы бөлді.
«Қазір отбасы жаңа үйге қоныстанды. Бірақ бастарына түскен қайғыдан психологиялық тұрғыда әлі өз-өздеріне келе алмай жүр», – дейді Амангелді ауылының әкімі Гаухар Жанділдина.
Қор басқармасындағылардың айтуынша, төтенше жағдайға байланысты ғана үй сатып алуға көмек көрсетіліп отыр.