Дронның көмегі тиді
Мемлекеттік шекараны күзету және қорғау бойынша өзара іс-қимыл шеңберінде Ұзынкөл ауданының әкімі Мұрат Сандыбаев ҚР ҰҚК ШҚ Қостанай облысындағы департаменті "Ұзынкөл" шекара бөлімі бастығының орынбасары майор Азамат Боқаевқа "DJIMAVIK 2" маркалы дрон-техникалық құралын ресми түрде табыс еткен болатын.Жоғары сапалы техникалық құралдарды қолдану шекараның күзетілетін учаскелерінің сенімділігін күшейтуге мүмкіндік берген. Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлайды.
Мәселен, 2022 жылдың 13 сәуірінде «Ұзынкөл» шекара бөлімінің "Обаған" бөлімшесінің шекарашылары дронды пайдалана отырып, Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына құжатсыз жаяу кетіп бара жатқан азаматты ұстады. Ол РФ-ның 1965 жылы дүниге келген азаматы болып шықты.
Техникалық құрылғы шекара маңындағы жауапкершіліктегі учаскеде мониторинг жүргізуге мүмкіндік берді. Өз кезегінде іргелес аумақты бақылауды күшейтуге ықпал ететін болады.
Бұған дейін Ұзынкөл ауданы әкімінің төрағалығымен өтетін шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесін өткізу барысында ҚР ҰҚК ШҚ Қостанай облысы бойынша департаментінің әскери қызметшілері ҚР Мемлекеттік шекарасын сенімді қорғау және күзету сапасын арттыру үшін техникалық құрал (дрон) сатып алу туралы мәселеге бастамашылық жасаған болатын.