БАҚ-тың бағы ашылса, жақсы кітап басылса…
Қазақстанда Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі, жауапкершілігі, әлеуметтік күйі мен кәсіби әлеуеті қандай? Кітап шығару ісінде қандай мәселелер бар? Бұларға қатысты тиісті министрліктерге қандай ұсыныстар жолданбақ? "Amanat" париясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі "Miras" республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында осы тақырыптар талқыланды.
Қоғамдық кеңес он жылдан бері ұлттық мәдениетке қатысты мәселелерді көтеріп, олардың шешімін табуға үлес қосып келеді. Қазір мұның жүгі тіпті ауырлай түскен. Өйткені бұған дейін партия жанында 1700 қоғамдық кеңес болса, ол 1 наурыздағы съездегі шешіммен 700-ге қысқарып, көбінің қызметі осы "Miras"-қа біріктіріліпті. Кеңестің осы жылғы алғашқы жиыны жаңа құрам және осы жылға арналған жоспарларын бекітуге арналды. Сондай-ақ, елдегі БАҚ, мәдени-рухани әлем және кітап шығару мәселесі сөз болды. Офлайн және онлайн режимінде өткен отырысқа минситрлер, депутаттар, кеңестің өңірлердегі өкілдері, қаламгерлер мен БАҚ редакцияларының басшылары, қоғам белсенділері қатысты. Кеңеске жаңадан тағайынжалған ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жиын тізгінін қолына алды.
"Miras" кеңесінің басты мақсаты – партияның сайлауалды бағдарламасы аясында азаматтық қоғамда, мәдениет және өнер саласына бағытталған жұмыстардың сапалы орындалуын қадағалау, – деп сөз бастаған су жаңа төраға бірден БАҚ мәселелеріне қатысты ой өрбітті. – Әлемдік кеңістікте ақпараттық шабуыл өршіп тұрған кезеңде еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайту – негізгі стратегиялық мақсат. Президенттің биылғы Жолдауында ескертілгендей, қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілген тапсырмалармен жұмыс істеп, көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың, басқа да топтардың саясатына арбалып қалудан сақ болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті және еркін БАҚ қалыптастыру үшін не істемек керек? "
Оның айтуынша, "арқалағаны алтын, жегені жантақ болған" журналистердің әлеуметтік мәселесін шешпей, олардан жоғары деңгей талап ету нәтиже бермейді. Сондықтан тілшілікпен тіршілік еткен қауымның баспанамен қамту, жалақысын кқтеру сынды тұрмыстық күйіне мән берілуі керек. Бұдан бөлек ол пікір алуандығы мен ой еркіндігін сақтаудың өте маңызды екенін айтты. Аманжол Әлтаевқа дейін кеңесте төраға болып қызмет атқарған мәжіліс депутаты, ақын, журналист Жанарбек Әшімжан да БАҚ туралы тақырыпты сабақтады.
"БАҚ бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Қазір осыған көлеңке түсіретін факторлар бар екені жасырын емес. Заман ағымына сай әлеуметтік желінің ықпалы артып тұр. Дәстүрлі БАҚ жаңа медияның қалтарысында қалып кетіп жатады. Тәжрибелі журналистен блогердің беделі биік саналатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл бүкіләлемдік құбылыс дерсіздер. Бірақ алпауыт елдер БАҚ рөліне жіті мән береді. Сондағысы – ашықтықты сақтау ғана. Билік міндеті атқарып жатқан жұмысын көрсету болса, БАҚ міндеті алған ақшасының өтеміне сол туралы бейтарап ақпарат тарату. Тапсырыс алу БАҚ еркіндігін біршама шектейді. Біржақты ақпаратқа халық тарапынан да сұраныс аз. Әрине, мұны мемлекеттік тапсырысты тоқтату керек деп түсінбеу керек. БАҚ еркіндігіне нұқсан келмейтіндей жарияланым жасаудың механизмін ойластыру қажет. Қысқасы, мемлекеттік институттар мен БАҚ арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі реформалау керек. Ел Президенті мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек деді. Демек жақын арада олқылықтарды толтыратын нормалар енгізіледі деген ниеттеміз, – деді Ж.Әшімжан өз баяндамасында.
Ол өңірлердегі БАҚ мәселесін де көтерді. Айтуынша, жергілікті газет-журналдардың бәрі жеке құрылтайшыларға, иелікке өткен. Сондықтан олардағы ақпараттық қауіпсіздік ұдайы бақылауда ұсталуы қажет.
Бұдан соң сөз кезегі Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа беріліп, ол қолға лынған, жоспардағы мәдени-рухани шаралар туралы баяндап, кітап шығару бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берді.
"Қоғамға қажет кітаптарды іріктейтін 3 сатылы комиссия құрылды. Қазір мемлекеттік тапсырыспен шығып жатқан әдеби кітаптардың 90 проценті қазақ тілінде. Олардың қолжетімдігілін арттыру маұқсатында ұлттық кітапханада электронды нұсқалары енгізіледі. Биыл көптомды кітап шығаруды қысқартамыз. 20, 50, 55 томдық ктіаптардың орнына 20 шақты авторға шығармаларын насихаттауға мүмкіндік береміз. Кітап шыққан соң автордың қолына да тмейді, бірден кітапханаларға, кітап дүкендеріне түседі. Тағы бір жағымды жаңалық, 2023 жылдан бастап ақын-жазушыларға Президент сыйлығы тағайындалады. Оның жобасын дайындап жатырмыз. Атап айтқанда, "Үздік балалар шығармасы" және "Жылдың үздік кітабы" байқаулары ұйымдастырылып, жеңімпаздарына 1 млн теңгеден беріледі", – деді министр.
Д.Абаевтың мәліметіне қатысты ақын, Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет жеке пікірін білдірді.
"Көптомдық кітаптарды шығаруды өысқартқан жөн шығар, бірақ біз анталогияларды тоқтатып алып жүрмейік. Атап айтқанда, "Жаңа Қазақ әдебиеті" сериясымен шығатын анталогиялар тұрақты тұрде шығып тұруы диіс дүние. Сондықтан "суды төккенде ішіндегі баланы қоса төгіп тастамау керек". Ал енді мемлекеттік тапсырыспен шығып жатқан әдеби кітаптар үлесі 90%-ке жуық екенін есітп қуанып отырмын. Бірақ солардың сатылуы, оқырман қолына тиюі қалған 10%-ға татиды десек болады. Шалғай өңірлерге, аудан-ауылдарға жете бермейді. Талай көріп жүргеніміздей, қазақ кітаптары әр алуандығымен көзге ұрып тұрған жоқ. Шыққан кітаптарды дүкендерден таппайсың. Оны өзіміз көріп жүрміз. Осы мәселе алдағы уақытта оң шешімін табар деп сенемін. Сосын, әрине кітаптың электронды нұсқаға көшкені дұрыс қой, бірақ сонда да қағаз кітаптың тамырын ерте қазбайық", – деді Ұ.Есдәулет.
Жиын барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров саланы дамту барысында атқарылыпжатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Алдан Смайыл, Сәуле Досжан, Дархан Мыңбай, Мақсат Толықбай сынды қаламгерлер, журналистер сөз алып, күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты ой-пікір білдіріп, ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Кеңес төрағасы барлық ұсыныстар министрліктерге хаттама арқылы жолданатын айтты.
Жанұзақ Аязбеков, облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакторы:
– Меніңше, БАҚ туралы заңды қайта қарағаннан гөрі түгелдей қайта жазып шыққан дұрыс. Өйткені 26 баптан тұратын бұл заңның алғашқы нұсқасы 1999 жылы жарияланды. Одан кейін талай рет өзгеріп, бірнеше баптары алынып тасталды. Әлі де көптеген бабы Ата заңымызда бар. Оларды қайталаудың қажеті жоқ сияқты. Оның үстіне қазір заман, қоғамдағы қағидалар, құндылықтар өзгерді. Соның бәрі БАҚ туралы заңда көрініс табуы шарт. Әр бабын осы заманға икемдеу қажет. Одан кейін әлеуметтік желіге арнайы тарау арнап, баптар кіргізу керек сияқты. Ол БАҚ-қа жата ма, жоқ па? Жатса, қандай қағида-ұстанымдары бар? Бұл да белгісіз. Осы мәселеге ерекше назар аударылса екен.
Сол секілді кітап шығару ісінде де заман талабын ескеретін ұстанымдар жоқ. Әйтеуір кімнің шамасы келсе, сол шығара беретін болды. Кітаптың құнын түсіріп жібердік. Ендеше беталды шығаруға белгілі бір тыйым керек. Өйткені қазір отбасылық және бұқаралық кітаптың ара-айырмашылығын жұрт білмей қалды. «Кітап дүкенге түспейді» дейміз. Мәселе – ауылға жетпеуінде емес, қалай жазылғанында. Қазір тіпті бетін ашуға ұялатын кітаптар көбейіп кетті. Оқылмайтыны өз алдына, безендірілуі керемет болғанымен, іші қоқысқа толы. Солардың тұсауын кесетін болдық. Сондықтан мейлінше сапалы, саналы кітаптар іріктеліп шығарылғаны, соның өзінде көркемдік кеңестің тезінен өткені дұрыс. Маған ұнағаны – сериялы кітаптарды тыю керек деген ұсыныс. Таңдамалы жинақтардың жөні бөлек. Бірақ оның өзінің де томы шектеулі болуы тиіс. Бізде әлі кітабын шығара алмай жүрген талантты жастар бар. Соларды демеп жіберу керек. Өкінішке қарай, бұл жағы да кемшін түсіп жатыр. Осыған нақты бір мемлекеттік бғдарлама керек сияқты. Мемлекет қаржысына жармаса кететіндерге қаталырақ болған дұрыс. Тағы бір мәселе, өткенде Кітап палатасы мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарға дауыс беру дегенді шығарды. Бұл түбірімен қате. Қазір әркім өзінің командасын жинап алады да, кітабын қайткенде өткізу үшін дауыс бергізеді. Оның кітабы қандай деңгейде екенін кім біліп жатыр?
Қырмызы Жаңбыршина, «Amanat» партиясының облыстық филиалының «Miras» қоғамдық кеңесінің төрайымы:
Мен бұл отырысқа «Amanat» партиясының облыстық филиалының «Miras» қоғамдық кеңесінің төрайымы ретінде қатыстым. Айта кетейік, «Miras» қоғамдық Кеңесі елімізде мәдениет пен өнерді дамыту бағытындағы мәселелерді талқылап, шешімін табуға бірден-бір үлес қосып отырған алаң. Бұл қоғамдық кеңесті мемлекеттік маңызы бар келелі ой, кесек пікір айтылатын алаң деп те санауға толық негіз бар.
Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан : жаңару мен жаңғыру жолы" атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ролін арттырға баса назар аударған болатын. Кеңесте осы бағыттарда ой өрбіп, пікірлер айтылды. Журналистерді баспанамен қамту, жалақысын көтеру секілді тұрмыстық күйіне мән беру – өзекті мәселе. Болашақ бағдарламасы арқылы журналистерді шет елдердегі мықты білім ошақтарында оқыту үшін арнайы квоталарды көбейту керек деген ұсыныс айтылып отыр. Мәдени саласының өкілдерінің жетістіктерін қолдау және ілгерлету бойынша да кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқаны баяндалды. Жалпы, осы отырыста қоғалған мәселенің бәрі орынды, құптарлық дүниелер көп.