Шекарашылар көмекке келді
29 наурыз күні «Бозбие» шекара бөлімшесіне Жітіқара ауданы әкімдігі өкілдерінен жеңіл көлікпен жолға шыққан ауыл тұрғындарының қалың қарда тұрып қалғаны туралы ақпарат түскен. Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
Жеті адам мінген «Нива» көлігінің жолда тұрғанына бес сағаттан асыпты. Жолаушылардың қатарында екі сәби бар. Баланың біреуі науқас. Ата-анасы оған аудан орталығына дәрі алу үшін шыққан. Оқыс оқиғаға тап болған жандарға дер кезінде қолдарынан келгенін аямайтын шекарашылар болған жағдай туралы басшылыққа баяндап, капитан А.Байсейтов бастаған шекарашылар тобы екі «Снегоход» көлігімен жолға шығады.
"Қараңғы түскен кешкі уақыт болатын. Боран басылмаған. Айнала ақтүтектен көрінбейді. Өз өмірлерін қауіпке тіккен шекарашылар жол шетіндегі электр бағаналарын бағытқа алып, қар құрсауындағыларға көмекке келді. Көліктің жанар-жағармайы таусылған жолаушаларға шекара бөлімшесінен алып шыққан жылы ішіктерді берді. Екі кішкентай баланы аналарымен бірге бірінші кезекте ауылға жеткізді",-делінеді хабарламада.
Осылайша барлық жолаушы аман-есен үйлеріне жеткізілді.
Бірнеше сағат қалың қарға кептелген көлікте қалған жолаушылар шекарашыларға алғыстарын айтты. Жанар-жағар майы таусылған көлікке әскери қызметшілер дер кезінде көмек көрсеткен. Қазіргі кезде жолаушылардың денсаулығы жақсы.