Миллионға арттық!
Қазақстан халқының саны 18 миллионға жуықтады. Мұндай деректі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2017 жылғы 1 мамырда еліміздегі халық саны 17 994,2 мың адамды құрады. соның ішінде қалалықтар – 10 345,1 мың (57,5%), ауылдықтар – 7 649,1 мың адам. 2016 жылғы 1 мамырмен салыстырғанда халық саны 241,1 мың адамға немесе 1,4 процентке өсті», – делінген комитет ақпаратында.
Сонымен қатар, аталған ведомство мәліметінше, 2017 жылғы қаңтар-сәуірде 121,5 мың бала дүниеге келген. Бұл 2016 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 7,4 процентке кем. Ағымдағы жылдың 4 айында республика халқының табиғи өсімі 2016 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 9 мың адамға немесе 10,4 процентке кеміп, 77,2 мың адамды құрады.