Жасанды интеллект және NIS пен Наурыз дәстүрлері

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Жасанды интеллект және мехатроника»  Наурыз кездесулері аяқталды.
Биылғы жылы көктемгі дәстүрлі ғылыми жобалар байқауы қазіргі заманның ең өзекті басымдықтарының бірі – «Жасанды интеллект және мехатроника» тақырыбына арналды.
Қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі вебинарларға жасанды интеллект, цифрлы технологиялар, робототехника, инженерия, сәулет және экология саласындағы танымал отандық және шетелдік спикерлер қосылды. Олардың қатарында Швейцариядан еуропалық футурист Герд Леонхард,Австралиядан сутекнегізінде қозғалатын көліктер бойынша сарапшы Брендан Норман, ресейлік «R:ED» компаниясының білім беру жобаларын дамыту бөлімінің басшысы Алиса Большакова, Назарбаев Университетінің ғылыми қызметкері Жанат Махатаева және басқа да беделді ғалымдар бар. Зияткерлік мектептердегі барлық практикалық сабақтар топографиядағы Пифагор теоремасы, жер сілкінісін түсіну үшін математикалық модельдеуді қолдану, ғарыштық материалдарды құру және химия, биология, физика, математика және информатика саласындағы басқа да жобаларға арналады.
Наурыз басқосуларының негізгі күні алғаш рет жаңа NIS-те, көне Түркістанда өтуінің символдық мәні бар.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қызметкерлері әзірлеген оқу және цифрлы ресурстар көрмесінде оқулықтар, әдістемелік құралдар, жинақтар, оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауға арналған нұсқаулық, сонымен қатар ел педагогтері арасында танымал «Жүйелік-әдістемелік кешен» онлайн платформасы, 3D форматтағы  «NIS LAB» виртуалды зертханасы, NIS MEET POINT ашық онлайн платформасы ұсынылды.
«Мен сияқты  жаса» секциясында жас ғалымдар мен өнертапқыштар STEAM жобалармен таңқалдырды, олардың көпшілігі медицинаға жасанды интеллектті енгізуге арналған. Мәселен, Тараз қаласындағы NIS оқушысы Камилла Машанло әзірлеген COVID-19 клиникалық симптомдарды бақылау жүйесі Жамбыл облысындағы ең үздік стартап атанып, облыстық көпсалалы ауруханаға қолданысқа берілді.Оралдық Алмас Сапаровтың авторлығымен дайындалған  ChestXRayAl қосымшасы рентген арқылы пневмония ауруын анықтауға мүмкіндік береді.Шымкент қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Зияткерлік мектептің оқушысы Аяулым Беркінбаева Наурыз кездесулеріне жасанды интеллек негізінде жасақталған FENIX биометриялық протезін алып келді, Аяулымның бұл жобасы авторлық құқық алып үлгерді. Астаналық халықаралық бакалавриат мектеп оқушысы Екатерина Ким мен Арман Рысмаханов зағип жандардың жазу қабілетін арттыратын «JAZGYSH» инновациялық құрылғысын таныстырды.  Қарағанды мектебінің жас ғалымы Ұлан Мұстафиннің интерактивті ойындар түріндегі «STROKE REC AR» бағдарламасы науқастарды инсульттен кейін оңалтуға көмектеседі.
Наурыз кездесулерінің басты жобаларының бірі тұрмыстық жанжалдар кезінде шұғыл көмек көрсету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ақтөбелік жас өнертапқыш Аян Қайырбектің «UMAI ASAR» мобильді қосымшасы болды.
Экологиялық жобалардың үлкен сериясы дайындалды, оның ішінде істен шыққан техникалар бойынша «Екінші өмір» жобасы, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды ақылды жинауға, атмосфераны және жалпы табиғатты сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған роботтар мен роботтық жүйелер бар.
ІТ аймағында Түркістан облысындағы жалпы білім беретін мектептердің информатика пәні мұғалімдеріне дизайн және 3D модельдеу бойынша арнайы курс дайындалды. NIS-тің Наурыз кездесулеріне оңтүстік өңірінен барлығы 150-ге жуық мұғалім, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ 300-ге жуық оқушы келді.
Наурыз кездесулерінің негізгі оқиғалары ретінде бағдарламанған оқу-жаттығу дрондарының ұшуы, «Ең сейсмикалық төзімді құрылым» командалық ойыны, сондай-ақ жас өнертапқыштар құрастырған автокөліктер шыққан  «NIS Intell Race» автожарыстарын атауға болады.
Түрлі-түсті асықтармен безендірілген мерекелік аумақта жасанды интеллект «Алтын сақа» ойнады.
Әрбір Наурыз кездесулерінің мәдени бағдарламасында міндетті түрде тарихи көрікті жерлерге экскурсиялар кіреді. Түркістан облысында мектеп оқушылары ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, сонымен қатар Арыстан баб пен Отырар төбеге және көне Түркістанның жаңа нысандары – «Ұлы Дала мұражайы» және Керуен сарайында болды.
Наурыз кездесулері – Назарбаев Зияткерлік мектептері үшін айтулы оқиға, биыл олар дәстүрлі форматқа орала бастады. Жыл сайын наурыз айында NIS-те жас ғалымдар мен өнертапқыштар жасанды интеллект, цифрлы технологиялар және әлемдік ғылымның соңғы тенденциялары халықтық дәстүрлер мен ұлттық мәдениетпен қолдау табатын бірегей жобаларды ұсынады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓