Ауырып, ем іздегенше…

Туберкулез – ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе. Дегенмен, соңғы жылдары елімізде бұл дертке шалдығушылық деңгейі біршама төмендеді. Облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жанат Молдатаеваның айтуынша, біздің өңірде де құрт ауруымен аурушаңдық көрсеткіші өткен жылы 41,9-ды құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға төмендеген. Былтырдың өзінде науқастардың көбі дертінен айығып, өлім-жітім көрсеткіші де 2,9 пайызға азайған көрінеді.
– Жалпы, былтыр өңірде туберкулез жөніндегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты болды, нәтижелі жұмыстардың арқасында ауру көрсеткіші төмендеді. Бұған біз мамандардың тынымсыз еңбегі мен ізденісі, сауатты ем-дом мен тұрғындар арасындағы үгіт-насихат жұмыстарының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Әсіресе, туберкулездің алғашқы түріне шалдығушылық деңгейі де азайды. Бұрын дәлізде кезек күткен науқастар санынан көз ашпаушы едік, ал қазір саусақпен санарлық сырқатты ғана көресіз. Қазіргі таңда 630 науқас диспансерлік есепте тұр. Стационарда 130 науқас ем алып жатыр. Туберкулезбен ауырып жатқан тоғыз баланың алтауы жасөспірімдер. Еліміз бойынша пандемия басталғанда облыстық диспансерге қарасты Тобыл қаласындағы 100 орындық бөлімше екі жыл бойы провизорлық ауруханаға айналып, ол жерде жатқан науқастардың бәрі диспансерге көшірілген еді. Жағымды жаңалық, пандемия бойынша жағдай тұрақтанып Затоболдағы инфекциялық стационар жабылып жатыр, енді алдағы уақытта сонда жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар, – дейді Жанат Жаппасқызы.
Құрт ауруымен сырқаттанушылық деңгейінің төмендеп, дәрі-дәрмекпен қамтылу жағының жақсарғандығының бір дәлелі, диспансердегі төсектік орындардың қысқарғандығы. Бұрын диспансерде 480 төсектік орын болса, қазір 250 ғана орын. Бұл дегеніңіз, ауру азайған сайын, жатқызатын адам саны да азайды деген сөз. Бүгінде науқастарды емдеуге барлық жағдай жасалған, ем-дом қабылдайтын орындар да жеткілікті. Дәрігерлер туберкулез дертін ерте анықтау бағытында да жақсы көрсеткішке қол жеткізіп отырғандарын айтады. Себебі, бүгінде науқастарды жаңа диагностикалық әдістермен қамтамасыз ету мүмкіндіктері кеңейген, яғни қазіргі таңда заманауи медициналық аппараттардың көмегімен дәрілік сезімталдықты жылдамдатып анықтауға да мүмкіндік туып отыр. Мәселен, Gene-Xpert аппараты арқылы ауруды небәрі екі сағаттың ішінде анықтауға болады. Былтыр туберкулезге күдікті адамдарға осы жеделдетілген диагностика әдісімен 100 пайыз зерттеу жүргізілді. Мамандардың сөзінше, бұрын препараттарды науқастарға жеткізу жағынан кедергілер болса, қазір мұндай проблема жоқ. Мұның сыртында облысты туберкулез мәселелері бойынша ҮЕҰ жұмыс істейді, ол халықтың осал топтарына аталмыш дертке тексерілуге және ем алу пункттеріне баруға кететін жол шығындарын төлеуге, құжаттау жұмыстарына көмек көрсететін болады. Сонымен қатар, биыл құрт ауруымен ауыратын науқастарды ай сайын әлеуметтік қолдау мәселесі де өз шешімін тауып жатыр.
Туберкулезге шалдыққандар жүз пайыз тегін дәрі-дәрмекпен емделеді. Өйткені, жыл сайын үкіметтен бұған қомақты қаражат бөлінеді. Сондай-ақ, бір науқасты толықтай емдеп шығу үшін бір жылға мыңдаған қаржы жұмсалады екен. Ал, осыншама қаражаттың жұмсалатынын түсінбейтін кейбір науқастар тегін емделуден қашып, ұзақ уақыт ауруханада жатуға көнгілері келмейді. Тіпті, туберкулездің ашық түрімен ауыратындар арасында қашып кететіндер де кездеседі екен, ондайларды дәрігерлер полицияның көмегімен іздеп табуға мәжбүр.
– Жалпы, біздің контингентпен жұмыс істеу өте ауыр. Науқастардың арасында темір тордың ар жағынан келгендер де, нашақорлар да бар. Ал, ондай адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, соңғы жылдары тәртіп жағы да жақсарды. Бұрын науқастар арасында қашып кету сияқты тәртіп бұзушылықтар жиі кездесетін. Қазір арнайы күзет те бар, қашып кету жағдайлары кездессе, учаскелік полициялардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Тәртіпке бағынбай, емделуден қашқандарды соттың шешімімен мәжбүрлеп емдейміз. Рудныйдағы 35 төсектік орын осындайларға арналған, – дейді Жанат Жаппасқызы.
Бұрын орталыққа мамандар тарту жағы да қиындау болатын. Ал, қазір жергілікті биліктің дәрігерлерді қолдауының арқасында жас мамандар легі ағылуда. Бірақ, екі жыл қатарынан пандемияға байланысты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген жоқ.
– Тек, былтыр үш дәрігер келді. Оларға барлық қажетті жағдайды жасап жатырмыз. Десе де, әлі де дәрігерлер жетіспейді. Себебі, біздегі мамандардың 40 пайызы зейнеттегі дәрігерлер. Ол кісілерден көмек жақсы, дегенмен ертен аяқастынан кетеміз деп жатса, біз оларды ұстай алмаймыз ғой. Сол себепті ол кісілердің орнына жас мамандар келгенін қалаймыз. Қазіргі таңда рентгенолог, лаборант, фармацевт мамандары ауадай қажет. Енді жағдай түзеліп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілсе, дәрігерлер қатары тағы да жас мамандармен толығады деген үміттеміз, – дейді Ж.Молдатаева.
Өткен жылы облыстық диспансер компьютерлік томографияға қолжеткізді. Енді заманауи аппараттың арқасында күніне 12-15 адамды тегін КТ-дан өткізуге мүмкіндік туып отыр.
– Біздегі науқастардың бәрі жұқпалы аурумен ауыратын болған соң, оларды өзге медициналық орталықтарға апарып түсіруге мүмкіндік болмады. Тек, рентгенге түсірумен ғана шектелетінбіз. Сондықтан, бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. КТ-дан бөлек, фибробронхоскопия, инфузомат, перфузор сияқты медициналық аппараттар алдық. Дәрі-дәрмек те 100 пайыз жеткілікті. Рас, 2019 жылға қарағанда соңғы екі жылда ауру көрсеткіші азайды. Дегенмен, біз оны сондай бір жақсы нәтижеге жеттік деп айта алмаймыз, себебі соңғы екі жыл қатарынан карантиннің салдарынан скринингтік шаралар тоқтады. Біздің ойымызша, сырқаттанушылық көрсеткіші енді көбеюі мүмкін. Өйткені, жағдай тұрақтанды, скринингтар да енді өткізілетін болады. Сондықтан, аурушаңдық деңгейін 2022 жылдың көрсеткішінен байқайтын боламыз. Туберкулезге қарсы айлық кезінде түрлі акциялар, семинарлар, кездесулер өткіздік. Енді жылжымалы рентген көлігімен аудандарды аралауды жоспарлап отырмыз. Былтыр шілде-тамыз айларында, екі ай бойы осы көлікпен оңтүстік өңірлерді аралап, халықтың денсаулығын тексеріп шықтық. Биыл да жаз айларында шалғай елді мекендерді аралайтын боламыз, – дейді Жанат Жаппасқызы.
Құрт ауруына шалдығу соңғы үкім емес, оны емдеуге болады. Бұрын бұл әлеуметтік ауру болып саналатын. Ал, қазір бұл дертпен қара да, хан да ауырады. Дәрігерлер ең бастысы саламатты өмір салтын ұстанып, уақытылы тамақтанып, зиянды әдеттерден аулақ болу керектігін айтады. Сондай-ақ, адам екі аптаға созылған жөтелден күмәндануы тиіс, сол себепті дереу дәрігерге барып, флюорографияға түсіп, кеудесін тексерткені жөн. Жалпы, “ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” демекші, қай ауруды болмасын дер кезінде анықтап, дер кезінде емделу қажет. Қалай дегенмен, туберкулезді емдегеннен гөрі, оның алдын алу маңызды дейді мамандар.
Дегенмен, дәрігерлер өңірде ауру көрсеткіші төмендесе де, арқаны кеңге салмай, туберкулездің алдын алу, оны ерте анықтау, емдеу шаралары сияқты жұмыстардың жалғаса беретіндігін айтады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓