Жаңа жүйе қалыптаспақ
Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауының тарихи маңызы өте зор. Мемлекеттік құрылымның жаңа кезеңі бүгіннен басталды десек болады. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту бағытында жасалған қадамдар, мәслихаттар құзыретін арттыру бастамалары жергілікті мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етеді деп сенемін.
Жолдауда адам құқықтарын сақтау, тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету мәселелері қамтылды. Президент «Өзіңнен баста» деген тапсырмасының іске асырылуын өзі бірінші көрсетіп отыр. Атап айтқанда, өкілеттіктерді қайта бөлу, жақын туыстарды саяси лауазымдарды атқарудан шектеуі және Президент пен облыс басшылығының деполитизациясы.
Мәжіліс құзыретінің артуы, сондай-ақ сайлаудың ішінара мажоритарлық жүйесін енгізу және әкімдердің сайланбалылығын енгізу Президент бұрын жариялаған саяси реформалардың іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанының айқын көрінісі. Осы жұмыстарды атқаруда жалған ұраннан, жалаң сөзден аулақ болу керек.
Қазақстанда жаңадан үш облыс ашылады: Абай, Ұлытау және Жетісу. Бұл көпшілікті қуантқан жағымды жаңалық болды. Әсіресе, тұрғындары облыс орталығынан шалғай жатқан өңірлер үшін маңызыды. Президент шешімі халық саны, даму әлеуеті, басқа да себептер ескеріліп қабылданды деп ойлаймын.
Бибігүл АҚҚОЖИНА ,
«Amanat» партиясының облыстық
филиалының атқарушы хатшысы.