Мәслихатқа баса назар аударылмақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі Жолдауын халық үлкен үмітпен күтті.
Президенттің бұл Жолдауында таяуда жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар жайы айтылды.
«Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», – деді Президент.
«Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнап бірнеше үндеу жасадым. Барлық жағдайда азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым. Бұл мен үшін бұлжымас ұстаным», – деді Тоқаев.
Бүгінгі  Жолдауында Президент, еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды.
Соның ішінде, азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихатқа баса назар аударған жөн екенін айтты.
«Мықты мәслихат өзекті мәселелердің шешімін табуда және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып дербестігін қамтамасыз ету үшін  мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс  әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын. Қазір мәслихат депутаттары мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураны қарастырады», – деді Қ.К.Тоқаев.
 Мәслихаттың рөлін және халықтың билікке сенімділігін арттыру мақсатында енді облыс және қала әкімдері жаңа бағытта тағайындалады.
«Әкім тағайындау туралы ережелерге өзгерістер енгізіп, президент балама негізде екі әкімді ұсынады. Олардың қарқын қабілеттеріне қарай отырып президент мәслихат таңдаған тұлғаны әкімдік қызметке тағайындайтын болады. Бұл жанама сайлау. Және президент мәслихат кеңесінсіз қала, облыс, аймақ әкімдерін қызметінен босата алады. Биліктің өкілді тармағын қайта пішімдеуге арналған барлық ұсыныстар жаңа Қазақстанның болашағын жандандыратын болады», – деді Мемлекет басшысы.
Жолдауда айтылған мажоритарлық сайлау жүйесіне көшуді қолдаймын, депутаттарды халық өзі таңдап, сайлау керек деп ойлаймын. Маслихат жұмыстарын ұйымдастырудағы оң өзгерістер, алдағы уақытта өз нәтижесін беретініне сенімдімін.
Халықтың үніне қүлақ асатын, мықты Президенті бар, еститін мемлекет болу үшін бәріміз жұдырықтай жұмылып, бірігіп жұмыс істеуіміз керек!
 
            Қырмызы ЖАҢБЫРШИНА,
            Облыстық мәслихат депутаты,
           «Еуразиялық банк» АҚ Қостанай филиалының директоры.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓