Үш келіден артық сатылмайды

Қостанайдың супермаркеттерінде қант сатуға лимит енгізілді. Тұтынушыларға құмшекер үш килограмнан артық сатылмайды, деп хабарлайды Tengrinews.kz "Хабар 24"-ке сілтеме жасай отырып.
Мәлімет бойынша, бұл бөлшек сауда желілері қантты тұрақтандыру қорынан белгіленген бағамен межелі көлемде ғана алғанына байланысты болып отыр. Өңірде бөлшек сауданың шекті құны қаңтар айының соңында белгіленген еді. Оның бағасы бір ай ішінде 289 теңгеден аспауы керек. Бірақ келесі аптадан бастап қант бағасы өзгере бастамақ.
"Тұрақтандыру қорынан 10 тонна қант сатып алдық. Күніне шамамен 300-400 келі қант кетеді. Алдау жоқ. Әрине, қант сатуды шектеді. Біз сатып алушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Олар түсіністікпен қарайды", — дейді супермаркет директорының орынбасары Гүлнар Юсупова.
Бұл жағдай туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі де мәлімет берді.
"Қаланың сауда желілеріне 60 тонна көлемінде құмшекер жіберілді. Осы жылдың 18 ақпанында Қостанай әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі тұрақтандыру қорына қаланың ірі супермаркеттерінің сауда сөрелеріне бөлінген 30 тонна көлемінде құмшекер жеткізуге қосымша өтінім берді. Өнім ірі сауда объектілерінің берген өтініміне сәйкес жеткізіледі. Логистикаға да, таңдауға да біраз уақыт кететінін ескерген жөн",-деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Самат Жанділдин.
"Тобыл" ӘКК тұрақтандыру қорымен жұмыс жөніндегі департамент директоры Мадина Махмутованың айтуынша, өңірде қанттың тіркелген бағасы ақпан айының соңынан бастап өз күшін жояды. Яғни қант құны өседі деп болжанып отыр.
"Шекті баға 26 ақпанға дейін белгіленді. 18 ақпанда біз тағы 30 тонна қантты жібердік. Бұл көлем осы аптаға жеткілікті. Қосымша сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы аптаның соңына дейін өңірге  екі вагон қант жеткізілмек", — деді ол.
Басылымның мәліметінше, қазірдің өзінде операторлар қанттың сатып алу бағасы өсіп, бір келісі 316 теңгеге сатыла бастаған.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓