Рухани серуен

Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының 5 «а» сынып оқушылары Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университеті жанындағы Ахаңның музейінде болды. Онда мұражай меңгерушісі, профессор, философ, ғалым, өлкетанушы Қалқаман Жақып «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы» танымдық сағатын өткізді.
Саналы өмірін қазақ жұртының тілі, діні, ділі, жері жөніндегі жұмыстарға арнап, өз өмірінде 5 рет сотталып, екі рет жер аударылған тұлғаға қатысты құнды деректер мен жәдігерлер музейде сақталған. Соның бірі – таяғы және балалық шағы өткен қыстақтан әкелінген топырақ, жусан, кірпіштас. Бұл тарихи мекен 1998 жылы сол кездегі оқу ордасының ректоры, академик Зұлқарнай Алдамжарұлының бастамасымен ашылған еді. Мұнда оқушылар Ахаңның өз қолымен толтырған «Өмірдерегі» (түпнұсқа, құжатты ғалым Қазақ мемлекеттік университетінде профессор лауазымымен қызмет атқарған тұста толтырған екен) және «Маса» кітабының тұпнұсқасын көріп танысты. Жас шәкірттер мұражайды тек аралап қана кетпей,  Қалқаман атасының Ахаңның өмірі, ұлтқа еткен еңбегі жайлы естеліктерін тыңдады.
   -Әрине, алаш арысының мәдени үйінің мына түрі көңіл көншітпейді. Үмітіміз көп, биылғы жылы үш-төрт айдың ішінде басқа көлемді музейге көшірмек ойымыз бар. Жұмыс тобы құрылып, бастап кетті. Ахмет Байтұрсынұлы әлемдік деңгейде аталатын болғаннан кейін Түркия елінің Стамбұл қаласында, Ресей елінің Орынбор қалаларында ескерткіштері бой көтермек. Өзіміздің елде де, Елордада, Шымкентте, Алматыда арнайы ескерткіш орнатылмақ. Оның сыртында халықаралық конференциялар ұйымдастырылмақ, – деді Қалқаман Хасенұлы.
Сондай-ақ, ғалым Ахаңның оқу, білім жайында айтқан қанатты сөздерінен мысал келтіріп айтып берді. Оқушылар ұлт ұстазының «Оқуға шақыру», «Адамдық диханшысы» өлеңдерінен үзінділер оқып берді. Қазақты оқу-білімге шақырған нақыл сөздерінің цитата келтірді.
        
   –Білім ордамызда биылдан бастап Алаш арысын ардақтауға арналған шаралар жүріп жатыр. Міне, бүгін біз орта буын оқушыларын дара тұлғаның тарихи орнына арнайы әкелдік. Мұндай тағылымды сабақтың мақсаты – қазақ халқының әлеуметтік, саяси-мәдени, тарихи өмірінде орны айрықша зор тұлға Ахаңның халықтық тәлім-тәрбиелік ойларының негізінде оқушылар бойына адамгершілік, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту. Қоғам қайраткері, тіл білімінің негізін қалаушы, педагог-ұстаздың құнды мұраларын дәріптеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, – дейді Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының мұғалімі Зәуре Нұртазина.     
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓