Қос бұзақыға қарсы тұрды (БЕЙНЕ)
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, сенбі күні сағат 11.00 шамасында екі жігіт көтерме-бөлшек сауда дүкеніне келіп, кассирден оларға алкоголь сатуды талап еткен. Бұл туралы "Алау" сайты жазады.
Сатушы оларға заңнамаға сәйкес спирттік ішімдіктерді сатуға тек сағат 12.00-ден бастап рұқсат етілетіні түсіндірген. Жастар сауда залына барып, арақ-шарап бөліміне өтіп, бір бөтелке арақ алып, кассаға барады. Кассир оны қабылдаудан бас тартқан, содан кейін олардың бірі бәкі алып шығып, одан арақ сатуды талап еткен. Осы уақытта сауда залында болған дүкеннің жұмысшысы Данияр Мұқашев күдіктілерді залалсыздандырып, полиция шақырады.
"Мен жастардың бірі кассирмен ұрысысып жатқанын естідім және қолдарынан пышақты көріп, құқық бұзушыларды ұстау үшін дереу шаралар қабылдадым. Мен оларды еденге құлаттым — алдымен біреуін, содан кейін екіншісін жығып, полицей келгенге дейін ұстап жаттым", — дейді Данияр.
Екі адамды бірден ұстау өте қиын шаруа, бірақ ол Даниярдың қолынан оп-оңай келді.
"Менің ойымша, бұл әркімнің азаматтық борышы, қылмыс жасалған кезде шетте қалуға болмайды. Біз полицияға көмектесуіміз керек, тек бірлесіп қана құқықтық тәртіпті сақтауға болады", — дейді ержүрек Данияр.
Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы күдіктілерді полицияға жеткізді. Олар – бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған Қостанайдың 42 жастағы тұрғыны және облыс орталығының 27 жастағы тұрғыны. Қазіргі уақытта "Тонау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Олардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.
Полиция департаменті құқық бұзушыларды ұстауға көмек көрсеткені үшін Данияр Мұқашев марапатқа ұсынылатынын атап өтті.