Төлем көлемі өсті
1 қаңтардан бастап, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін үш әлеуметтік төлемнің мөлшері ұлғайтылды. Бұл шара 347,7 мың адамды қамтыдыі, деп хабарлайды zakon.kz.Осылайша, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 17 қарашадағы қаулысына сәйкес, сатып алу қабілетін сақтау мақсатында 1 қаңтардан бастап, еңбек ету қабілетінен (75 130 алушы) және асыраушысынан айырылған азаматтарға (52 096 алушы) МӘСҚ-дан төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемдердің мөлшері 5% – ға арттырылды.
Министрлік өкілдері атап өткендей, бұл төлемдер ұзақ мерзімді болып саналады, өйткені олар бірнеше жыл бойы төленуі мүмкін: еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда – адам еңбекке қабілеттілігін қалпына келтірмейінше не зейнеткерлік жасқа жеткенше; асыраушысынан айырылған жағдайда – балаларға кәмелеттік жасқа толғанға дейін және күндізгі оқу бөлімінің студенттеріне 23 жасқа дейін.
Бұдан басқа, жоғарыда көрсетілген төлемдерді алушылар бюджет қаражаты есебінен осындай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды да алады.
Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне жауапты, табысынан айырылған тұлғаларға МӘСҚ-дан төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері арттырылды. Бұл шара 220 462 алушыны қамтыды.
Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда көрсетілген төлем мөлшері баланың туған күніне дейінгі соңғы екі жылдағы орташа табыстың 40%-на тең. Бұл ретте осы әлеуметтік төлемнің ең төменгі мөлшері шегерілуге тиісті міндетті зейнетақы жарналарын қосымша есептей отырып, "Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" Заңға сәйкес, дүниеге келген баланың кезектілігіне қарай белгіленген ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоғарыда аталған әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру МӘСҚ активтері есебінен жүзеге асырылды. Осылайша, әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысанын алуда жұмыс істейтін халықтың мүдделері қорғалды.