Жаңа жинақ жарық көрді
Арқалық қаласындағы "Дала өлкесі тарихы" облыстық мұражайында «Батпаққара көтерілісі» атты жаңа жинақ жарық көрді. Кітапты шығаруға Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы қолдау көрсеткен. Бұл хабарды "Арқалық мұражайы" "Фейсбук" желісіндегі парақшасында бөлісті.Жинақ Қостанай қаласындағы "Қарлығаш" баспаханасында басылып шықты. Көлемі – 286 бет. Таралымы – 100 дана. Жоба авторы – аталмыш мұражайдың ғылыми қызметкері, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы облыстық комиссияның мүшесі, ақын Батырлан Сағынтаев. Кітаптың ақылдастар алқасы: өлкетанушылар – Мұхтар Қоденов, Шөптібай Байділдин, тарих ғылымдарының кандидаты Эльмира Наурызбаева, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Роман Айтмағамбетұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев және мұражай басшысы Асхат Қасенов. Кітапта 1929 жылы Кеңес үкіметіне қарсы ұйымдастырылған наразылыққа қатысып, жазалауға ұшыраған тұлғалардың тізімі және Батпаққара көтерілісіне қатысты әр кезеңде жазылған зерттеулер мен мақалалар, естеліктер енгізілген. Жинақта Батпаққара көтерілісіне қатысушы тұлғалардың суреттері де бар. Кітап зерттеуші ғалымдар мен көпшілік қауымға арналған.