Ұлттық спортқа көңіл бөлінбек
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Қостанай ауданының Заречное ауылындағы “Арғымақ” ипподромында және “Қазақ тұлпары” ЖШС-де болды.
Қазіргі уақытта балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ұлттық спорт түрлерінен 495 спортшы шұғылданады, оның ішінде 167 оқушы Қостанай қаласынан, 103 оқушы Тобыл қаласынан және 195 оқушы Заречное ауылынан. Мұнда жалпы ауданы 2 210 шаршы метр болатын жаңа манеж салу жоспарлануда, осы жылдың соңына дейін нысан пайдалануға берілмек. Манеж салу алдағы уақытта ұлттық ат спорт түрлерімен айналысатын спортшылар үшін ғана емес, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту үшін де сабақтар өткізуге мүмкіндік береді. Спорттық секцияда спортпен шұғылдану мүгедектерді оңалту мен әлеуметтік бейімдеудің жоғары тиімді әдісі болып саналады. Айта кету керек, “Арғымақ” ипподромында ауқымды іс-шара жиі өткізіліп тұрады, оған республиканың барлық спортшылары қатысады. Қостанайлық спортшылар ат спортының ұлттық түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына үнемі қатысады.
Сондай-ақ, сапар барысында өңір басшысы Заречное ауылында орналасқан “Қазақ тұлпары” ЖШС-да болды. Кәсіпорын басшылығы Қостанай асыл тұқымды жылқы малын сатып алу туралы өтініш білдірді. Отандық жылқы тұқымын қалпына келтіру, сақтау және одан әрі жетілдіру үшін аталған жылқы зауытының базасында Қостанай тұқымынан биелер сатып алу туралы шешім қабылданды.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі Қостанай ауданының әкімі Ж.Тәукеновке және облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысына осы жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті құжаттарды дайындауды тапсырды.