Жылдың жеті жаңалығы

Ұлы ұстаз ұлықталды
Биыл ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жыл толды. Бұл айтулы датаны бүкіл қазақ елі лайықты деңгейде атап өтті. Тарихи тұлғаның туған жерінде де рухани, мәдени, тағылымды іс-шаралар толастаған жоқ. Аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жиын-мәжілістер өтті. Солардың ішінде ұлт ұстазына арналып республикалық ақындар айтысы, елордада соңғы үлгідегі көшпелі көрме ұйымдастырылғанын, ағартушы туралы жаңа еңбектер жарық көргенін айта кетуге болады.
 
"Тобыл" – чемпион!
Қостанайдың «Тобылы» 2021 жылғы футболдан Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Қостанайлық команда біріншіліктің соңғы турында қонақта «Ақжайықты» 0:2 есебімен ұтты. Осылайша клуб өз тарихында екінші рет ел чемпионатында топ жарды. Осының алдында қостанайлықтар 2010 жылы алтын медаль иегері атанған болатын. Ал «Астана» күміс жүлдегер. 26 турда өз алаңында Түркістанның «Тұранын» қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті. Өткен жылғы ел чемпионы «Қайрат» қоланы қанағат тұтты. Енді келесі жылы өтетін Чемпиондар лигасының іріктеу турнирінде ел намысын «Тобыл» қорғайды. 
 
Серке атындағы фестиваль
Осы жылы әйгілі әртіс, қазақ театрын құрушы тұлғалардың бірі Серке Қожамқұловтың туғанына да 125 жыл толды. Бұл мерейтойды да жерлестері ұмыт қалдырған жоқ. Солардың ең маңыздысы – алғашқы "SERALY Film Festival" республикалық қысқа метражды көркемфильмдер фестивалі. Бұл бірегей байқауға елдің әр түкпірінен қырық шақты үміткер қатысып, 4 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Республикаға танымал тұлғалар төрешілік етті. Ұймдастырушылар мұны дәстүрлі фестивальге айналдыруға ниетті.
 
Жаңа нысандар – игілікке
Биыл да өңір экономикасын еңселендіре түсетін жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Облыстың өндірістік қуатының өзегі саналатын ауыл шаруашылығы саласында өңдеу өнеркәсібі өрістей түсті. Айтқанда, Қостанай қаласында жылына 20 мың тонна ет өңдейтін Beef export group комбинаты ашылды. Құны – 7,2 млрд теңге. Қытай, Пәкістан, БАӘ, Ресей елдеріне экспортқа шығады. Сондай-ақ, Арқалықта «Арқалық Айдар» мал бордақылау алаңы, 20 мың тоннаға дейін астық сақтайтын элеватор салынды.
 
КИА кроссоверлері құрастырылады
Қостанайға іссапармен келген ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин «KIA Motors Россия и СНГ» ЖШҚ президенті Ким Джинмен бірлесіп, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытында KIA өндірістік желісінің ашылу рәсіміне қатысты. Жоба шеңберінде жылына 20 мың KIA автомобильдерін шығару жоспарланған. Сондай-ақ, өңірде корей автокөлігінің қосалқы бөлшегін шығаратын өндіріс орны да ашылатыны мәлім болды. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте, сондай-ақ Қостанай қаласында дилерлік орталықтар жұмыс істейді. Sorento, Sportage, Rio кроссоверлері, яғни барлық әйгілі брендтер қолжетімді бағада саудаға шығуда.
Басты назар – бұқаралық спортқа
Облыс көлемінде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл осы мақсатта бірнеше аймақта жаңа нысандар бой көтерді. Мәселен, Лисаков қаласында теннис орталығы ашылды. 2 мың шаршы метрлік нысан құрылысына 312 млн теңге қаржы құйылды. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ұзынкөл ауданында 459 млн теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Дәл осындай су жаңа ғимарат Жангелдин ауданында да пайда болды. Мұның сыртында, аймақ басшысы облыс орталығында шаңғы базасының тұсауын кескенін де айта кетейік.
 
Сайлы бастама, жайлы баспана
Қостанайда студенттерді жатақханамен қамту мәселесі де оңтайлы шешімін тауып келеді. Биыл облыс орталығында екі бірдей студенттер үйі пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің 500 орындық жатақханасы есігін айқара ашты. Нысан құрылысына 1,3 млрд теңге жұмсалды. Сонымен қатар, Қостанай жоғары медициналық колледжі жанынан 250 орынға шақталған тағы бір жатақхананың тұсауы кесілді. Елбасының ІІІ әлеуметтік бастамасы аясында келер жылы тағы бір студенттер үйі ашылмақ.     

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓