Игілігіне жарасын деп
Шекарадағы Қарабалық ауданында учаскелік полиция пункті күрделі жөндеуден өтті. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Мұндай шара аймағымызда "Қолжетімді полиция" және "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" реформаларын жүзеге асыру аясында жүргізілуде. Өңірдегі жөндеуден өткен 61 учаскелік полиция пунктінің басым бөлігі ауылдық жерлерге тиесілі. Сол себепті, аталған жұмыстар жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен жүзеге асырылуда.
"Тоғызақ кентіндегі учаскелік полиция пункті 700-ден астам халыққа қызмет көрсетеді. Мұнда екі учаскелік инспектор жұмыс істейді, аға тәртіп сақшысы – полиция майоры Азар Нұралинов. Тиімді жұмыс істеу үшін полицейлер қызметтік көлікпен және компьютерлік техникамен қамтамасыз етілді. Ауданда 9 қызметтік үй-жай жөнделді. Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін жағдайлар жасалған. Учаскелік инспекторлар халық саны үш мыңнан асатын бес ауылдық округке қызмет көрсетеді", – деді Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов.
Учаскелік полиция пункті жөндеу кезеңінде жұмысын тоқтатқан жоқ. Тоғызақ кенті аумағындағы ахуал тұрақты. Жыл басынан бері мұнда жасалған 12 қылмыстың барлығының жолы кесілген. Бұл негізінен кішігірім ұрлық пен бөтеннің мүлкін иемдену.
Облыстық полиция департаменті басшылығы Қарабалық кентіндегі "Рубеж" бөгегіш жүйесінің стационарлық бақылау бекетінің жұмысын бағалады. Жыл басынан бері мұнда 2,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық, жылдамдық режимін бұзғаны үшін 50 факті анықталды.
"Қазіргі уақытта полицияның сервистік моделінің ауқымын кеңейту жағынан белсенді жұмыс жүргізілуде. Бұл науқанға жергілікті билік органдары зор қолдау жасап отыр. Учаскелік полиция – полицияны реформалау жүйесіндегі орталық буын. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өзара байланыс халықпен жұмыстың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Бұл үшін жағдай жасалуда", – деп атап өтті Қостанай облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Қайрат Дүйсембеков полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесуде.
Айта кетейік, жыл соңына дейін ауданда жол ережелерін бұзушылар үшін 100-ден астам көлік сыйымдылығы бар арнайы тұрақ ашылады.