Жұмысымыз жемісті, жолымыз жеңісті
Қазір әлемде болып жатқан тұрақсыздық мәселесі бір-екі жылға созылмайтыны белгілі. Сондықтан, жыл басында өткен Парламент сайлауындағы «Nur Otan» партиясының «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» ұраны өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында партия ұстанымы қандай болу керегін нақтылап айтты.
Осы кезге дейін жасалған жұмыс нәтижесі елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетті. Бүгінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар кешені жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа Парламент жұмыс істей бастағалы 128 заң жобасы қаралып, 80 заң қабылданған. Олардың 19-ын «Nur Otan» фракциясының депутаттары әзірлегенін айта кету керек.
«Тұтастай алғанда, депутаттар Үкіметтің экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы шараларын қолдауға бағытталған заңдарды уақтылы қабылдай отырып, пандемияның күрделі кезеңінде табысты жұмыс істеді», – деп атап өтті Елбасы.
Біз де өңірлерде осы жұмысты жалғастыруға тиіспіз. Партия бағдарламасын топтасып, бірлесіп іске асыру керек. Келелі жиында осындай міндет жүктелді.
Партия басшылығына президенттің сайлануы оң шешім болды. Елбасы айтқандай, жетекші саяси ұйымды мемлекет басшысының басқаруы жарасымды әрі маңызды. Бұл шешімді көпшілік бірлігімізді көрсеткен тағы қадам ретінде қабылдады.
Нұркелген ӨТЕУЛИН,
Қостанай облысы мәслихатының депутаты