Заман көшіне ілеседі
Рудныйлық қарттар электронды үкімет порталының қыр-сырын меңгеруде. Енді олар қажетті анықтама немесе мемлекеттік қызмет түрлерін алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып әуре болмайды.
Бүгінде компьютерлік сауаттылық курсы «Күміс университет» жобасы аясында Рудный индустриялық институтының базасында жүзеге асуда.
–Бұл идея бір күнде туған жоқ. Зейнеткерлердің сұранысы бойынша осыдан екі жыл бұрын оқыту курстарын ұйымдастырғымыз келді. Алайда карантиндік шараларға орай істі кейінге қалдырдық. Ұсынысымызды қолдаған институт ректоратына алғыс айтамын. Әзірге топта 11 адам бар. Аптасына екі рет дәріс алады. Бұл бастамасы ғана, –дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов.
Қарттар смартфон мен ғаламтордың бар мүмкіндігін пайдалана білу керек. Әсіресе, интернеттегі алаяқтардың ауына түспеу үшін сауаттылық қажет. Бір жағынан, мемлекеттік қызметтерді үйде отырып-ақ алуға жол ашылады.
–Курстардың тиімділігі болады деп ойлаймын. Біздің топтағы адамдардың деңгейлері әр түрлі. Бірі компьютердің құлағында ойнаса, екіншілері компьютермен хат та жаза алмайды. Өз басым коммуналдық қызметтер мен салықты смартфон арқылы төлеймін. Алайда замана көшінен қалмай, одан да көп нәрсені үйренгім келеді, – дейді қоғам белсендісі Рысбике Сүймекова.
Қазіргі таңда мемлекеттіқ қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшкен. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша олардың үлесі 90 пайыздан кем болмауы керек. Рудныйда бұл көрсеткіш 96 пайызды құрайды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ