«ЖЕТІМІН ЖЫЛАТПАҒАН, ЖЕСІРІН ҚАҢҒЫТПАҒАН…» он баланың анасы қамқорлық күтеді
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ещанов азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Жағдайын айтып, жәрдем сұраған Гүлнар Қадамбаева – ауған соғысы ардагерінің жесірі, он баланың анасы. Алты қызы, төрт ұлы бар. Денисов ауданында тұрады. Осыдан жеті жыл бұрын жолдасы, жауынгер-интернационалист Табыл Қадамбаев өмірден өтіп кеткен еді. Қабырғаны қайыстырып, белді бүккен де осы болатын.
– Күйеуім бар кезде ешкімнің есігіне елпеңдеп, жәрдем сұраған емеспін. Қазір көкірегімді қарс айыратын мәселелер жетерлік. Ең негізгісі – баспана жайы. Әкімшілік алып берген үй бар. Дегенмен, алмағайып заманда, күндердің бірінде ол шаңырақты кімнің алып қоятынын да білмейміз ғой. Сондықтан жеке үйім болса екен деймін. Алла берген он баламның екеуі – мұғалім, екеуі – дәрігер, бесеуі оқиды, ал алтыншы қызымның мүмкіндігі шектеулі… Мен шаршап кеттім. Олардың әрқайсысын жерге қаратқым келмейді. Қатарынан қалмайтын болады балаларым. Бар тілегім сәбилерімнің далада қалып қоймауы ғой, – дейді Гүлнар Төлебайқызы.
Ана-жүректің сөздері сай-сүйекті сырқыратады. Бұл отбасының қолында бар қазіргі құнды дүниесі – жары Табылдың ерен еңбектері мен жеткен жетістіктері ғана. Олардың арасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының наградасы да бар. Айтпақшы, үлкен ұлы Әлішер де әкесінің жолын қуған екен. Алматыдағы Б.Момышұлы атындағы әскери мектептің оқушысы. Гүлнар апайдың айтуынша, балалары үздік оқиды, қиындықты жасынан көріп келе жатыр.
Гүлнар Қадамбаева денсаулығына байланысты ота жасатуға дайындалып жатыр. Денисов ауданындағы мектепте шаруашылық меңгерушісі болып қызмет істейді. Жалақысы 28 мың теңге. Отбасын жалғыз асырап келе жатқан ана бұл ақшаны қайда жеткізетінін білмейді. Қосымша табысы да жоқ.
Облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ещанов пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлия Сапарова «Алтын алқа» иегерінің базынасын тыңдаған болатын.
– Батыр ананың жағдайы міндетті түрде шешілетін болады. Он баланың анасы, ауған соғысы ардагерінің жұбайы бола тұра көмек ала алмай отырғаны жарамайды. Денисов ауданына барып, өңір әкімімен жолығып, өтініш иесінің сұрақтарын талқылайтын боламыз. Үйді жекешелендіру әрі материалдық көмек мәселелерін назарда ұстаймыз, – деді Сайлаубек Ещанов.
Сонымен, жәрдем сұрап келген Гүлнар Қадамбаеваға барлық жағдай жасалынатын болады. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен облыстық мәслихат алдағы күндері мәселені оңтайлы шешуге уәде берді.
Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ
Осыған дейін қайда қарап жүрген олар, еще ауған соғысына қатысса күйеуі
бұл әйелді жақсы білем. Көп қиналды. Газет жарайсындар!
қорытындысын жазасыздар ма?!
Айналайындар ау! ана гой ол ана! калай жылатасыздар, мен озым Атырауданмын, бырак мынандай жагдайлар барлык жерде бар, Костанайдагы осы газетке ризамын, бурынгыдай емес, маселе котереды. ол кысынын номеры бар ма? жагдайын сурайын деп едым. немесе макала авторынын? отыыныш….
Мақала авторының нөмірі – 8 775 683 04 92
шешімін табатыны сөзсіз, негізі, көзі ашық, көкірегі ояу азамат қой Сайлаубек! істейді, телевизор да көрсетті, газет те жазды. "Қостанай таңы" газеті кіріссе жақсы аяқталатын да шығар.
Омир деген катал гой. Осылай да адилетсиздик бола ма?! Айел ел алдында борышын отеди. Енди билік те карап отырмаганы жөн.