Ұлық ұлт
Ақбас Алатаудың қырғызбен шекарасында бір құз бар. Соның ұшар басында қыран ұя салады. Қаңтар-ақпандағы үскірік аязда сол құздың жалтыр тасында қыранның ұябасары жұмыртқалайды. Бірақ қыран жұмыртқасын баспай, тек қасына қонып отырады. Кей жұмыртқасы аязда шытынап, жарылып та қалады. Жарылмай қалған жұмыртқасын қыран – ана көктемде күн жылынған соң ғана бауырына басады. Асыл текті қызыл балақ қыраның осылай шығады, –деген көнекөз құсбегілердің әңгімесін өз құлағымен сілтідей тына тыңдаған Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінің мұзбалағы атанды. Қазақтың қасиетінде қызыл балақ қыранның тектілігі бар.
Біздің ауылда Сәттер деген жылқышы болды. Жаратылысы бөлек: бойы сұңғақ, жауырыны қақпақтай, екі иығы тоқпақтай. Аттың құлағында ойнайтын, қарулы да епті, сойы бөлек еді. Жеті жасар баланы асаудың жалына жармастырып, жайдақ күйі бос қоя беретін. "Жығылмай келсе – ер жігіт, жығылса – жер көтереді" деп міз бақпайтын. Бірақ қы-рағы көзінің қиығымен ат пен баланың қимылын қалт жібермей, іс насырға шапса, оқтай атылып, қас пен көздің арасында асауды иіріп алады. Оның сынынан, елегінен өткен талай бала бәйгенің алдын берген жоқ. Арғымақтың жалында қары қарысқан бозбалалар кейін атан жілік, атпал азамат болды. Бірақ, көп емес, санаулы еді..
Жұмыртқаның сары уызындай, әр халық өзі бір тұқым де-сек, соның да уызы болады. Ол уызды аз ғана адамдар құрайды, оны тірі пендеге білдір-мейді, оны құдай ғана біледі. Олар ру, туыс, ауыл дегенді білмейді, тек ұлтты ғана біледі. Бұл өзін-өзі сақтаудың ең жоғарғы түріне жатады, олардың түптілікті тізімі, не есімі болмайды. Бірі өлсе, бірі туып алмасып жатады, дей келе Ғабит Мүсірепов Ілияс Омаровты осындай уыз адам қатарына жатқызып, тіпті оған өзін де қоспайтындығын айтқан. (Ғ. Қайырбеков). Қазақ тектілік қасиеттерінің бірі – жеті атаға дейін қыз алыспайтын қаны таза ұлт.
Иса пайғамбар халқымен қырық жыл шөл далада тентіреді, одан мұның мәнісін сұрағанда: "осы азаптан сұрыпталып аман қалғандар халқымның негізін құрайды әрі құлдық санадан арылатын болады" депті.
Ал бірақ адамды көркем мінезге тәрбиелеуде пайғамбарымыз Мұхаммедтен асқан ешкім жоқ. Өзге діндерді жатсынбаған бұл пайғамбар – Аллаға ең жақыны. Қазақ дінге адал, сенімі зор, иманды ұлт.
Қостанайдағы "Самал" сауықтыру бассейнінде тоқсан жасты алқымдаған Қасекеңді, Қасымхан Алдабергенов аға-мызды көрген сайын, осы бір емендей мықты, жайдары жайсаң қалпына қайран қаламын. Ол құлаш сермеп, жүзе жөнелгенде он сегіздегі түбіт-мұртты аяйсың. Сұрапыл майданның от-жалынын кешкен, ыстық оқ алақанын қарыған, қар жастанып, мұз төсенген кісі екеніне білмейтіндер сене қоймас. Қиссаларды жатқа айтатын жырау ағамыз қорамсаққа қол салған, аттың белін талдырған батырлар жырындағы жүрек жұтқан нар тұлға оғыландардың алқындысы ма дер едіңіз… Қазақ төзімді, дархан пейіл ұлт.
Қазақ қыран текті. Қыран еркін де мәрт. Оның өрісі күн астындағы шексіз, шетсіз кеңістік.
Қазақ – мәңгілік ел!
Жанұзақ Аязбеков