Қос елде де “қазығы” жоқ

ҚР ІІМ ақпаратынша, Қостанай облысының аумағында РФ тіркеуінен шығарылған, бірақ сол елдің нөмірін тағынған 7800 көлік жүр, Бұл заңсыздыққа қарсы министрлік бастаған шараларға көлік иелері наразы пікір білдіріп жатыр. Ал тәртіп сақшылары оларға жылжымалы мүліктерін заңдастыруға он күн уақыт беріп отыр.
ІІМ шетелдік көліктердің қатысуымен ел көлемінде жасалған жол-көлік оқиғалары мен ереже бұзушылықтарды сараптап, Ресейге сұраным жіберген, ал көрші ел Қазақстандағы көліктерінің тіркеуден шығарылған тізімін жолдапты. Бұл туралы күні кеше өткен брифингте Қостанай облысының ПД өкілдері мәлімдеді. Енді, Заң талабына сәйкес, қос елде қатар "қазығы" жоқ темір тұлпар иелері 10 күн ішінде құзіретті органға барып, көліктерін тіркетуі қажет. Талап орындалмаса, жүргізуші әкімшілік жауапкершілік арқалайды. Яғни 10 АЕК немесе 29 170 теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі.
"Сондықтан полиция осы бағытта жүргізушілермен жұмыс істеп жатыр және аталған бапты бұзғандарды жауапкершілікке тартады. Автокөліктер айып тұрағына жіберіледі. Көлік иесі айыппұл төлеп, ҚР аумағында тіркелген көлікке құжаттарын ұсынуы керек. Жүргізушілер мұндай көлікті елден тыс жерден "еніне қарамай" сатып алған болып отыр. Оның ешқандай ақпараты жоқ: кепіл түріндегі көлік пе, бұғатқа қойылған ба, әлде ұрланған ба? Автокөлік сатып алатын кез келген қарапайым адам көліктің жауапкершілігі зор екенін түсінуі керек деп санаймын. Ол оны мініске алмай тұрып, міндетті түрде заңдастыруы, яғни тіркеуі керек емес пе", – дейді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметінің басшысы Виталий Цой.Екі күн ішінде 35 әкімшілік хаттама толтырылып, "қаңғыбас" көліктер айып тұрағына тоғытылған. 
Айта кету керек, 2 ай ішінде шетелдік көліктердің қатысуымен 83 жол-көлік оқиғасы болып, 18 адам көз жұмған және 107 адам жараланыпты. Ал осындай көлік иелерінің кесірінен 14 өмірді жалмаған 60 апат тіркелген. Облыстағы әр бесінші ЖКО-ға шетелден әкелінген көліктердің "кінәсі бар" екен.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓