Жеңімпаздарды күтіп алды

Қостанай жұртшылығы футболдан Қазақстанның жаңа чемпионы – "Тобыл" командасын күтіп алды.
Чемпиондармен кездесу үшін әуежайға жүздеген адам келді. Олардың ішінде "We Are Tobol", "Ultras Green" сынды арнайы жанкүйерлер тобы бар. Мұнан соң футболшылар бірден "Тобыл Арена" манежіне келіп, жанкүйерлермен кездесті.
Команданы мұнда облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өзі күтіп алды. Аймақ басшысы "алтын арқалаған" жігіттерге алғысын айтты.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс әкімі болып тағайындалған кезде алдыма бірнеше мақсат-міндет қойдым. Солардың бірі – "Тобылды" чемпион ету. Міне, араға бірнеше жыл салып осы арманымыз да орындалды. Сол үшін де командаға, бапкерлер штабына, әкімшлікке, жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Қиын уақытқа қарамастан сіздер үлкен міндетті орындап шықтыңыздар. Бүгін – Қостанайда мереке, футбол тойы. Алға, "Тобыл"!, – деді Архимед Бегежанұлы құттықтау сөзінде.
Команда құрметіне арнап, облыстың өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. Футболшылар атынан команда капитаны Азат Нұрғалиев сөз алып, жанкүйерлерге алғысын білдірді.
– 11 жылдан соң Қостанайға чемпионаттың алтын медалі оралды. Мұның дәрежесі өте жоғары, қазір біз эмоцияға ерік беруіміз мүмкін, біраз уақыттан соң бәрін түсінеміз деп ойлаймын. Шынымен де біздің команда үлкен жұмыс атқарды. Үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Архимед Бегежанұлына алғыс білдіреміз, пандемияға және елдегі үлкен проблемаларға қарамастан ол командаға үлкен көңіл бөлді, әрқашан қасымызда болды.
Сондай-ақ, жаттықтырушылар штабына, Александр Васильевич Москаленкоға рақмет айтамын. Маусым басында команданы Григорий Константинович Бабаян баптады, оның да еңбегі көп. Көптеген мәселелер болды, жаттықтырушылар штабы өзгерді, бұл — қалыпты жағдай. Қалай дегенмен де қиын сынақтан бірігіп өттік. Қадірлі жанкүйерлер, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымыз шексіз, өйткені футбол сіздер үшін ойналады, біз сіздер үшін ойнаймыз! Қостанай жұртшылығын алтын медальмен құттықтағым келеді! – деп ағынан жарылды капитан.
Манежге келген жанкүйерлер футболшылармен естелік суретке түсіп, сұхбаттасуға мүмкіндік алды. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓